Мектеп гимнінің тұсауы кесілді

Мектеп гимнінің тұсауы кесілді

Жуырда Т. Жармағамбетов атындағы білім ордасының рәміздері жаңа туындымен толықты. Айтулы білім ордасында мектеп әнұранының тұсауы кесіліп, көпшілік назарына ұсынылды. Әрбір сөзі мен шумағы терең ойға толы, әуені патриоттық рух беретін әсем сазды әнді мектеп өрендері зор мақтанышпен шырқамақ.

Тобық Жармағамбетов атын иемденген білім ордасы әнұранның тұсаукесер рәсімін ұйымдастырып, авторларға сый – құрмет көрсетті. Әнұран авторлары ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын, сазгер Орал - Қосай Байсеңгір мен «Ақниет» халықтық отбасылық фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі, қазақ авторлар қоғамының мүшесі Асқар Әнуарұлы әннің тұсауын кесіп, туындыны алғаш боп шырқады. «Мектебім – мақтанышым» деп аталған рухты ән мектептің жарқын келбеті іспеттес болды.

- Тобық атамның атында мектебім,
Оқушы атандым, аларым көп менің.
Қиялым самғашы, қалықта жыр әнім,

Білімнің ордасы, бастауым – бұлағым, - деп шырқалатын ән жолдары арқылы аталмыш білім ордасының талай шәкірттері өз ұяларынан білім нәрімен сусындап, қияға қанат қағары сөзсіз.

Арнайы шара барысында «Жарқын жүздесу» атты сұхбат кеші ұйымдастырылып, әнұран авторлары қойылған сауалдарға тұщымды жауаптарын берді. Мектеп қонақтарын ән – жырымен қарсы алған «Ауылдың балалары» ансамблі, жиналғандарға көтеріңкі көңіл – күй сыйлап, репертуарларындағы «Біздің ауыл тамаша» әнін шырқап, ән авторының қошеметіне бөленді. Шара барысында аудандық білім бөлімінің басшысы Мұрат Дабысов пен ұстаз Ардақ Молбаева тұсауы кесілген әнұранның мектеп үшін маңыздылығын, оқушылар үшін тағылымын айта келе, қонақтарға алғыстарын білдірді. Мектеп ұжымы әнұран авторларына ілтипат білдіріп, иықтарына шапан жапты.