Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың құқықтары қорғалды

Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың құқықтары қорғалды

Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың құқықтарының сақталуы прокуратура органдарының басты назарында.

Осы жылы Байғанин ауданы прокуратурасының аталған бағытта жүргізген қадағалау шараларымен аудандағы бірқатар мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың құқықтарын қалыпқа келтірді.  

Мәселен, аудандық білім беру бөлімі білім беру ұйымдарында қызмет ететін мүгедектігі бар жұмысшылардың еңбек ақысынан заңсыз жеке табыс салықтарын ұстап келген, қадағалау шарасымен 11 тұлғаға 596 083 теңге кейін қайтарылды.

Бұған қоса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекет тарапынан үйде оқитын мүгедек балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне оларды үйде оқытуға жұмсалған шығынды өтеу үшін, білім беру кезеңінде бір мүгедек балаға айына екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Бұл ретте аудандағы үйде оқитын 3 мүмкіндігі шектеулі баланың жанұясы әлеуметтік көмектен тыс қалып, прокуратурамен қабылданған шара нәтижесінде олардың құқықтары қалыпқа келтірілді, қазіргі таңда төлемдер айсайын өтеліп жатыр. 

Сонымен қатар, қадағалау шарасымен 33 науқас тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен қарастырылған дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілді, 2 тұлға оңалту емдерін алды.

Бұдан басқа, аудандағы инватакси қызметінде бірқатар бұзушылықтар орын алды, соның ішінде мүгедек адамдарды таситын көлік құралы заңнама талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды.

Прокуратураның араласуының нәтижесінде инватакси қызметін жүзеге асырушы тұлға барлық қажетті құралдармен жабдықталған көлік құралын сатып алды және қазіргі таңда тәулік бойы қызметін жүзеге асырып келеді.

Аталған салада қадағалау шаралары жалғасуда, заң бұзушылыққа жол берген кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

 

 

                                                                           Байғанин ауданының прокуратурасы