Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы қазан айында бастау алады

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы қазан айында бастау алады

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы Ақтөбе облысында бұған дейін жоспарланғандай 2023 жылдан ерте басталады. Бұл туралы облыс әкімі Ералы Тоғжанов Байғанин ауданына жұмыс сапары барысында мәлімдеді.

«Жалпы бұл мәселе бірнеше күн бұрын шешілді. Жобаны осы айда бастаймыз деп шешім қабылдадық. Оған ең төменгі жұмыспен қамтылған ауылдар кіреді», - деді өңір басшысы.

Байғанин ауданында бұл жобаға жалпы саны 2,3 мыңға жуық тұрғыны бар үш ауыл кіретін Көлтабан ауылдық округі қамтылады. Экономикалық белсенді халық арасынан ауылдың 236 тұрғынының тұрақты жұмысы жоқ, олардың кездейсоқ табыстардан орташа айлық жалақысы 42-48 мың теңгені құрайды. Жобаға қатысу өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың табысын орта есеппен үш есеге-145 мың теңгеге дейін арттырады деп күтілуде. Алдын ала мәліметтер бойынша, бағдарлама аясында ауыл тұрғындары жалпы сомасы 643 миллион теңгеге 223 жобаны іске асырады. Олар жеке қосалқы шаруашылықтарында егін, мал шаруашылығын дамытуға және өз кәсіптерін ашуға 2,5 пайыздық жеңілдікпен несие алады. Несие беру рәсімі барынша жеңілдетілген.

«Еліміздің тарихында тұңғыш рет жоба ауылдық үйді кепілді жылжымайтын мүлік ретінде ұсынуға мүмкіндік береді. Әрбір жеке қосалқы шаруашылық - бұл ең алдымен отбасы, сондықтан олардың кірісі 2-4 есеге ұлғаяды. Бір қызығы, біз жұмыссыздық мәселесін сөз еткенде, әрқашан экономикалық белсенді халықты есептейміз, ал бұл жобада еңбекке қабілетті халық, яғни зейнеткерлікке шыққан адамдар санаты да қосылады», - деп атап өтті облыс әкімі.

Айта кетейік, аудан тұрғындарының жеке қосалқы шаруашылығын табысты дамытудың жарқын үлгісі бар. Қарауылкелді ауылының 80 жастағы тұрғыны Құтым Қасенов 30 жылдан астам уақыт бойы көкөніс өсіріп келеді. 2020 жылы ол 400 шаршы метрлік жылыжай салып, одан жылына екі рет көкөніс, құлпынай және қыста үлкен сұранысқа ие бақша дақылдарын алады. Бұл кәсіпті бүкіл отбасы болып жасап отыр. Жылына 9 тоннаға дейін өнім жинайды.

Облыс әкімі ақсақалдың шаруашылығын аралап, оған еңбекқорлығы мен жастарға үлгі болғаны үшін алғысын білдірді.

«Мен Ойыл ауданында жеке шаруашылығы бар отбасы 18 тонна көлемінде өнім алатынын көрдім. Ең маңыздысы –бұл табыс пен жұмыспен қамтуды арттыру ғана емес, сондай-ақ жас ұрпақты тәрбиелеу мәселесі. Құтым ағаның отбасы бұл жобаны бала кезінен жасап, өз тәжірибесін жас ұрпаққа беріп келеді. Аудан басшылығы осы жерден тәжірибеден өтушілердің жұмысын ұйымдастыруда. Ол өте маңызды», - деді аймақ басшысы.

Ол «Ауыл аманаты» халықтың ауылдан кетуін азайтуға, сондай-ақ қаладан жақсы өмір іздеп кеткен азаматтардың туған ауылдарына оралуына ықпал ететініне сенім білдірді. Облыс әкімі Жарлы ауылында ангар үлгісіндегі жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенін аралап, еркін күрес секциясына қатысушы балалармен әңгімелесіп, ақсақалдармен кездесті. Ауыл қариялары облыс әкіміне ауданның елді мекендерін газдандыру, Жарлы ауылында мал суару үшін  ұңғымаларды бұрғылау секілді мәселелерімен жүгінді.

«Өте маңызды мәселені көтеріп отырсыздар, табиғи ашық су қоймалары жоқ. Тереңдігін зерттеуіміз керек. Қанша метр болса да халықты сумен қамтамасыз ету керек. Қажетті есеп-қисаптарды жүргізіңіздер», - деді Ералы Тоғжанов аудан басшылығына.  Аудан шаруалары өңір басшысымен кездесуде ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу, ет-сүт өнімдерін сатуға көмектесуді сұрады. Облыс әкімі уәкілетті мемлекеттік органдарға көтерілген мәселелерді шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Айта кетейік, биылғы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша Байғанин ауданында жалпы сомасы 15 млрд.теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Өткен жылмен салыстырғанда өнім өндіру 2,3%-ға артқан.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі