Облыс әкімі жұмыс сапарымен Байғанин ауданында болды

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Байғанин ауданында болды
22 қаңтар, сенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Байғанин ауданының бірнеше ауылдық округін жұмыс бабымен аралады.
Қарауылкелді ауылдық округінде 12 мыңдай адам тұрады, жергілікті халық кәсіпкерлікпен белсенді айналысады, мұнда 3 ЖШС, 58 шаруа қожалығы бар, жиһаз цехтары, фотосалондар, стомотологиялық емханалар жұмыс жасайды.
Қарауылкелді ауылында Оңдасын Оразалин алпыс орынға арналған аудандық аурухана ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Кәріз жүйесі, жылу жүйесі және т.б. толық ауыстырылды.
Аудандық орталық аурухана бастығы
Абзалбек Иманбаев стационардағы жұмыстардың аяқталғанын, күніне 200 келушіні қабылдайтын емхананың жөндеу жұмыстары қаңтар айының соңында аяқталатынын айтты.
Бас дәрігер: "Мердігерлер емханадағы жұмыстарды қаңтар айының соңында аяқтаймыз деп уәде берді. Көктем шығысымен аумақтарды абаттандыру жұмыстары басталады. Жалпы, аудандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты, инфекциялық стационарда 5 науқас коронавирустан ем алуда, ауданның 8640 тұрғыны екпе алды",- деп жеткізді.
Өңір басшысы барлық жұмысты сапалы әрі бекітілген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Кейін Оңдасын Оразалинге «SADO» қоғамдық тамақтану орталығы таныстырылды.
Жаңа нысан елді мекенде бірнеше күн бұрын ашылған. Кәсіпкер Сейітзада Саламатов ғимаратқа экскурсия жүргізді.
"Аталмыш жобаны мен өз қаражатыма жеті жыл бойы жүзеге асырдым. Елу орындық орталыққа 45 млн теңге құйдым. Іске қосарда Нұр-Сұлтан қаласының мамандарымен серіктес болдым, олар маған интерьерін жасауға, мәзір құруға және жұмысшыларды оқытуға көмектесті",- дейді орталық иесі.
Жұмыспен қамту бағдарламасы аясында Сейітзада Саламатов жиырма адамды жұмысқа орналастырды.
"Туған ауылында жұмыс істеп, сонда бизнесін дамытқысы келетін кәсіпкерлердің бар болғаны қандай жақсы. Адамдардың шалғай ауылдарға деген ойы мен қарым-қатынасын өзгерту керек, мұнда қаладан артық тұруға болады. Өз тарапымыздан біз елді мекендерді газбен, сумен қамту, абаттандыру, интернетке қол жеткізуін қамтамасыз ету шараларын қабылдаймыз",- деп атап өтті облыс әкімі.
Жұмыс бағдарламасы аясында Оңдасын Оразалин "Мұрат" шаруа қожалығына да барды.
Қожалық басшысы Ербол Тасымов мал шаруашылығымен 2020 жылдан бері айналысатынын айтты, 3450 гектар жайылымы, 139 бас ірі қара, 35 бас ұсақ мал он жылқысы бар. Былтыр қожалық субсидия алып, мемлекеттің 17,3 млн. теңге көлеміндегі қолдауын пайдаланды. Сол қаражатқа арнайы техникалар жаңартылды. Тамшылатып суаруға, сүтті мал шаруашылығын дамытуға және сүт фермасын ашуға субсидия алу жоспарда бар.
"Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында мен асыл тұқымды бұқалар, жем-шөп сатып алу үшін субсидия ала алдым, трактор сатып алдым, су алу үшін ұңғыма бұрғылауға көмек және т.б. алдым. Қазір мен ет бағытын дамытып жатырмын, сүт бағытындағы жұмысты бастағым келеді. Соған байланысты шаруа қожалығын электрлендіруге қолдау көрсетуді сұраймын",- деді Ербол Тасымов облыс әкіміне.
Өңір басшысы Байғанин ауданы мен ауыл шаруашылығы басшылығына осы сұрақты қарап, оны шешу үшін "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы аясында барлық тиісті көмекті көрсетуді тапсырды.
Оңдасын Оразалин барған Жарқамыс ауылдық округінде 2,5 мыңдай адам тұрады.
Шағын бизнес дамып келеді, 28 жеке кәсіпкер тіркелген.
Жергілікті халық мал шаруашылығымен айналысады: 64 шаруа қожалығы бар. Әлеуметтік нысандар жұмыс жасап тұр, мәдениет үйі, клуб, жаңа типтегі ауыл кітапханасы, спорттық нысандар жұмыс жасайды.
Халық көгілдір отынмен қамтылған, орталықтандырылған су жүргізілген, ауылдарда жоғары жылдамдықтағы интернет бар.
Жарқамыс ауылында облыс әкімі қырық келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның құрылыс барысын тексерді. Жобаның жалпы құны 163 млн теңге.
Мұнда құны 237 млн.тг. тұратын ангар типтес спорт кешені салынуда.
Аталмыш нысандағы құрылыс-монтаждау жұмыстары биыл мамырда аяқталады. Дәрігерлік амбулатория «Ауыл - ел бесiгi» бағдарламасы аясында, спорт кешені "Өңірлерді дамыту" бағдарламасы бойынша тұрғызылуда.
Қызылбұлақ ауылдық округінде 2220 адам тұрады, 38 шаруа қожалығы, бір ЖШС, бір өндіріс кооперативі бар. Жаңатаң ауылында облыс әкімі 100 орындық орта мектептің ашылу салтанатына қатысты.
Құрылыстың бас мердігері - "Спарта и Ко" ЖШС. Жобаның жалпы құны 452,8 млн теңге.
Мектепте Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаров ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндап алдағы жылдың міндеттерін атады.
"Ауданда мемлекет басшысының міндеттері мен сіздің жұмыс сапарыңыз барысында берген тапсырмаларыңызды орындау шаралары қабылдануда. Атап айтқанда, 2023 жылға қарай тұрғындарды сумен 100% қамтуды жоспарлап отырмыз, биыл ауылды 13 сумен қамту, 5 газбен қамту жобалары жүзеге асырылмақ. Бірнеше елді мекенде спорт кешендерінің, медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы жүргізілуде. Былтыр үш орта мектеп күрделі жөндеуден, 17 мектеп ағымдағы жөндеуден өтті.
2022 жылы Сағыз орта мектебін күрделі жөндеп, Оймауыт ауылында С.Жиенбаев атындағы 150 орындық орта мектептің құрылысы аяқталады деп күтіліп отыр. 2,4 млрд теңгеге 17 жол жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз",- деді облыс басшылығынан жолдарды, өрт сөндіру деполары мен т.б. салу және жөндеуге қатысты маңызды жобаларға қолдау сұраған Қайрат Отаров. Сапар соңында аймақ басшысы Жаңатаң ауылының тұрғындарымен жүздесіп, өтініш тілектерін тыңдады. Сауалдарына жауап берді.
Оңдасын Оразалин: "Өңір экономикасы тұрақты дамып келеді, мемлекет тиісті қолдауды көрсетуде. Өзекті сұрақтардың бірі газдандыруға байланысты болды, бірақ ол да шешіледі. Біз сіздерді тыңдап, ұсыныстарыңызды мүмкіндігінше қолдауға дайынбыз. Әлеуметтік нысандар салу, халықтың өмір сапасын көтеруге жағдай жасау - біздің міндетіміз, еңбектену, табысты көтеріп, өскелең ұрпаққа лайықты тәрбие беру - сіздердің міндет"- деп сөзін түйіндеді.