Инвестициялық табыс – бұл зейнетақы жинақтарының қаражатын инвестициялау нәтижесінде алынған табыс.
Зейнетақы активтерін ҚР Ұлттық Банкі басқарады. Сондай-ақ, жеке инвестициялық компанияларға зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін сенімгерлік басқаруға беруге болады.
Зейнетақы жинақтары әлемдегі экономикалық жағдайға байланысты құны үнемі өзгеріп отыратын түрлі қаржы құралдарына (бағалы қағаздар, шетел валюталары және т.б.) инвестицияланады. Сондықтан инвестициялық табыс ұлғаюы да, азаюы да мүмкін.
Инвестициялық табыс апта сайын есептелетіндіктен, зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы да өзгереді. Сондықтан инвестициялық табыс теріс болған жағдайда зейнетақы жинақтарының сомасы азаяды, ал оң болған жағдайда – артады.
Инвестициялаудың табыстылығын ұзақ уақыт аралығында, мысалы, бірнеше апта емес, бір жыл ішінде қарау керек екенін түсіну маңызды.
www.enpf.kz сайтының «Көрсеткіштер» бөлімінде ай сайын инвестициялық портфельдің құрылымы, инвестициялық қызметтің табыстылығы және т.б. бойынша ақпарат жарияланып отырады.