Аудандық дене шынықтыру және спорт кешенінде Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері Т. Жазымовты еске алуға арналған дәстүрлі облыстық еркін күрес турнирі өтті. Екі күнге созылған турнир Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына орай ұйымдастырылған. Дәстүрлі түрде ХVІІ рет ұйымдастырылған жарысқа Ақтөбе қаласынан, Ойыл, Мартөк , Ырғыз , Хромтау, Ембі, Қобда, Алға, Мұғалжар, Темір аудандары мен Қарауылкелді, Жарқамыс, Қызылбұлақ, Көлтабан, Сартоғай ауылдық округтерінен 13 команда, 250-ден астам спортшы қатысқан. Палуандар 26, 29, 32, 35, 38, 41, 44, 48, 52, 57, 62, 68, +68 келіден 13 салмақ категориясы бойынша боз кілемде белдесті. Айта кетейік, Тұрғали Жазымов 1932 жылы Көкбұлақ ауылдында дүниеге келген. Партия, кеңес қызметкері, білім беру ісінің ұйымдастырушысы, мұғалім болған. Орта мектепті бітірген соң Орал педагогика институтына түсіп, оны 1954 жылы бітіріп шығады. Ұстаздық жолын Комсомолдың 30 жылдығы атындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып бастайды. Кейіннен Ноғайтыдағы Сағыз орта мектебінде мұғалім, директор, «Сағыз» совхозы партия комитетінің хатшысы, Қазақстан компартиясы аудандық комитетінің нұсқаушысы, аудадық оқу бөлімінің меңгерушісі, аудандық сырттай оқу орта мектебінің директоры қызметтерін атқарған. Тұрғали Жазымов Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен екі рет марапатталған. Спортшылар үшін мерекеге айналған шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Ә. Жеткізгенов сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Шараға аудан әкімінң орынбасары Р. Раушанов, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы С. Дүсіп және бірқа тар мекеме мен бөлім басшылары қатысты. Еркін күресті насихаттай отырып, жерлес атын кеңінен танытуға, бұқаралық спортты дамытуға, жасөспірімдердің спорттағы шеберлігін шыңдай түсуге, достыққа, патриот болуға, ұлттық мәдениетке тәрбиелеуді көздейтін дәстүрлі бәсекеде аудан қоржыны д а бос қайтпады. 2008-2010 жылы туылған кіші жасөспірімдер арасындағы белдесуде түрлі салмақ дәрежесі бойынша Рамазан Дәулетқали (Қызылбұлақ а. о.), Айбар Естілеу, Әділет Азанқұлов, Нұрсәт Бектеміров (Көлтабан а. о. ) сынды палуандар тұғыр биігінен көрінді. Сонымен, Байғанин ауданы турнирді 4 алтын, 3 күміс, 3 қоланы қанжығалап, жалпы командалық есепте алға шықса, Ақтөбе қаласы 60 ұпаймен екінші, Ойыл ауданы 50 ұпаймен үшінші орынға табан тіреді.
Арайлым ҚАСЫМ.