
10 салт аттының алғашқы аялдамасы 80 шақырым жердегі Сәңкібай ата бейіті болған. Салт аттылар қатарында Сәңкібай атаның оныншы ұрпағы Ақарыс есімді азамат та бар екен. Одан кейін 70 шақырым жолды артқа тастап ауданның Көкбұлақ ауылында ат тұяғын суытты. - Үй иесі Әбдіғали ақсақалмен 1993 жылдың күзінде Шалқардың Айшуақ совхозында кездескенбіз. Есет Көтібарұлына үлкен ас беріліп, мен бәйгеге қатысқан едім. Сол кезде ақсақалмен дәмдес болу бұйырған. Араға 28 жыл салып, ортақ қызығушылығымыз - текті жануар жылқының арқасында қайта қауышып отырмыз, - деп естелігімен бөлісті топ мүшесі Айбек Нақбаев. Атсүйер азаматтар Жарқамыс ауылындағы Бәкір Тәжібаевтың атақты Ақбұлағына, Бөкенбай батыр кесенесіне соқпақ. Сонымен қатар Жем және Темір өзендерінің қосылған тұсындағы Құдайбергеннің көк үйі аталатын орынға жетуді көздеп отыр. - Ертеректе осы жерде мыңғырған жылқысы бар назар руынан шыққан Құдайберген деген бай тұрған. Кәмпескенің кезінде алдындағы жылқысын айдап ө з қолымен апарып үкіметке тапсырған деседі. Ғалымселекционер, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты мұғалжар және көшім жылқыларының авторы Серікбай Ырзабаев қазіргі «Мұғалжар» жылқысының тегі осы Құдайберген байдың жылқыларынан тараған дейді. Мұндай тарихты көзбен көру, сезіну әлі д е мүмкін,-дейді Айбек Нақбаев. Аталған топ өткен жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Мұғалжар ауданының 5 ауылдық округі арқылы өтетін 175 шақырымдық жолды атпен жүріп өткен. Топ мүшелерінің ең үлкені Тұрғанбай ақсақал 62 жаста екен. Атқа қызығушылығы жоғары жандар қатарына Байғанин ауданынан Кәдірбек Ілиясов есімді азамат қосылған. Айтуынша, әкесі Әбекен аудан төңірегінде жылқы баққан. Өзі де ата кәсіпті жалғап Мұғалжар өңірінде асыл тұқымды жылқы түрін дамытумен айналысады екен. Айбек Нақбаев: -Қазақтың қара жүріске, жорыққа, салт жүріске мінетін аттары қазір тек сүт пен ет үшін ғана пайдаланылып жүр. Шын мәніне келгенде жылқы малының тұяғына дейін тұнып тұрған қазақтың тарихы. Оның денсаулы ққа пайдасы жайында айтпасақ т а белгілі. Бізде де техникаға сүйенген заманда атқа міну мәдениетінен айырылып қалмайық деген ой болды. Әсіресе жастарды атқа отырғызып, жанына ел ішін жақсы білетін аға буын өкілдерін қосып, ауыл-ауылды, тарихи орындарды аралату қажет-ақ. Мен шет елдерден асыл тұқымды жылқының түр-түрін әкеліп шаптырдым. Олар бәйгеден оза шауып, бәленбай бас жүлдені әкеле берсін, бірақ рухани байытатын тарихымды бере алмайды. Жанымды тыныштандырмайды, - деп сөзін қорытындылады. Бұл сөздер жаңа ғана аттан түскен қаны қызу ер азаматтардың ойын дөп басқандай болды.
Арайлым ҚАСЫМ