«Алимент төлемеген, жазаға тартылады»

«Алимент төлемеген, жазаға тартылады»

Баланы асырау – ата-ананың заңмен бекітілген міндеті, бұл жерде ата-ананыың  некеде болуы, азаматтық некеде немесе ажырасқан болуы маңызды емес.

Қазіргі таңда елімізде жауапкершілік танытпайтын ата-аналардың баласына төлемей жүрген алименті үлкен мәселелердің бірі болып отыр. Алименттер ай сайын ата-анасының еңбекақысынан немесе өзге табысынан заңмен белгіленген мөлшерде төленуі тиіс.

Атап айтқанда, 1 балаға – табысының төрттен бір бөлігі, 2 балаға – табысының үштен бір бөлігі, 3 және одан да көп балаларға – табысының тең жартысы төленеді.

Жұмыс істемейтін борышкердің төлеуге міндетті алимент мөлшері ҚР орта жалақы мөлшерімен есептеледі.

Құзырлы органдар тарапынан небір амалдар жасалып жатса да өзгенің тәрбиесінде  қалған баласына қарайласпақ түгілі халін сұрамайтын әкелердің саны азаяр емес.

Ауданда алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерге қатысты жұмыстар, яғни жұмыссыз борышкерлерді жұмысқа орналастыру, бережағы көп борышкерлерді әкімшілік жауаптылыққа тарту, олардың атына тіркелген жылжитын және жылжымайтын мүліктерге тыйым салу жұмыстары жүргізілуде.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабына сәйкес сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамау – жеке тұлғаларға – бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.

Ағымдағы жылы аудан прокуратурасы бастамасымен 4 борышкерге қатысты әкімшілік іс қозғалып, соттың қаулысымен олар әкімшілік қамаққа алынды.

Сондай-ақ, борышкерлер өз міндеттеріне аса жауапкершілікпен қарап, алиментін уақытылы төлеуге міндетті екендігін, бұл талаптар орындалмаған жағдайда оларға қатысты заңмен әкімшілік және қылмыстық жауаптылық көзделгенін естен шығармауы қажет.

 

 

Байғанин ауданының прокуратурасы