2021 жылдың 1 маусымынан бастап Республика бойынша Ұлттық халық санағын өткізу басталды.
Халық санағы - белгілі бір уақыт шеңберінде бүкіл елдің халқының немесе оның бір бөлігінің демографиялық, экономикалық, әлеуметтік сипаттағы ақпаратын жинау, өңдеу, жариялау, тарату мақсатындағы жалпы мемлекеттік статистикалық шара болып табылады.
Халық санағында сол аумақтағы халықтың саны, құрылымы, әлеуметтік-экономикалық сипаты туралы ақпарат жиналады. Халық санағы көпшілік елдерде негізгі, ал кейбіреулерінде демографиялық және әлеуметтік, экономикалық мәліметтер жинаудың жалғыз жолы. Сонымен қатар, халық санағы халық өмірінің қырларын таңдамалы түрде немесе үй шаруашылығын есепке алуда қолданылады. Халық санағын жүргізудің ғылыми және ұйымдастырушылық негіздері XX ғасырдың екінші жартысында қалыптасқан.
Санақ қорытындылары бойынша халықтың табиғи және миграциялық қозғалысын нақтылауға болады. Халық санағын отбасына және үй шаруасына жүргізеді.
Санақ - тек біздің елімізде ғана емес, дүние жүзінде міндетті түрде өткізілуге тиісті шара. Себебі, санақ 10 жылдағы даму деңгейін, сандық тұрғыдан көп мәселелерді айқындап алуға мүмкіндік береді. Сол арқылы қоғамда халық санының өсуі, тұрмыс жағдайы, экономикалық дамуы анықталады.
Елімізде алғашқы халық санағы 1999 жылы өткізілсе, екінші халық санағы 2009 жылы өткізілді. 2021 жылдың 15 наурызында аудан әкімінің № 15-Ө өкімімен ауданда Қазақстан Республикасы халқының ұлттық халық санағын өткізуге жәрдемдесу жөніндегі өңірлік комиссиясы құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Ұлттық халық санағы 2 кезеңнен тұрады. 2021 жылдың 1-30 маусымы аралығында өткізілген халық санағының бірінші кезеңінде санақты аудандастыру жұмыстары жүргізілді. Аудан бойынша барлық тұрғын және тұрғын емес үйлер араланып, онда тұратын тұрғындардың саны нақтыланды. Санақ жұмысы планшет арқылы электронды түрде жургізілді. Қазіргі таңда ауданда 4943 тұрғын үй араланып, 22395 тұрғын саны анықталды. Санақ жұмыстарын жүргізуге санақ бөліміне 2 нұсқаушы, 1 нұсқаушы-бақылаушы және 4 сұхбатшы жұмысқа тартылды.
Санақты жүргізуге алынған сұхбатшылар мен нұсқаушылар фотосуреттері бар бейджиктермен, ұлттық халық санағының рәмізі бар шарф, портфель және қажетті бағдарлама бойынша жұмыс жасайтын планшеттермен, сонымен қатар, қауіпсіздік шаралары ретінде ысқырықтармен қамтамасыз етілді.
Алда, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазаны аралығында ұлттық халық санағының II кезеңі өткізілетін болады. Биылғы халық санағының өзгешелігі санақ онлайн түрде болмақ. Нақтырақ айтсақ, барлық ел тұрғындары онлайн режимде арнайы sanaq gov.kz сайты бойынша санаққа қатыса алады. Жүйе тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады. Тұрғындар санаққа қатысу үшін өздеріне ыңғайлы кезкелген уақытты таңдай алады , сондай-ақ сайтта бланка толтыруды то қтату және оны толтыруды кейін қайта жалғастыру мүмкіндігі болады.
Айта кету керек, биылғы ұлттық санақты жүргізу кезінде Қазақстан азаматтарына барлығы 87 сұрақ қойылатын болады. Олардың 67-сі негізгі сұрақтар, 20-сы қосымша нақтылаушы сұрақтар. Аудан бойынша жалпы Ұлттық санақтың II кезеңін өткізуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Санақты аудандастыру жұмыстары, яғни сұхбатшылардың аралайтын учаскелері нақтыланды. II кезеңнің жұмыстарын атқаруға 28 сұхбатшы /интервьюер/ және 4 бақылаушы-нұсқаушы тартылатын болады. Қажетті сұхбатшылар ауылдық округтерден жұмыспен қамту орталығы арқылы алынатын болады. Оларға қойылатын негізгі талаптар: жасы 18-ден асқан, бастамашыл, жауапкершілікті сезіну, міндетті түрде екпе алу /вакцинация/, планшетпен жұмыс жасау , тұрғындармен қарым-қатынас жасай білу, құпиялылықты сақтай білу. Санақты жүргізуге қатысқан барлық сұхбатшылармен нұсқаушыларға келісім–шарт бойынша еңбек ақы төленеді.
Ұлттық халық санағы–өте ауқымды, үлкен жауапкершілікті талап ететін жалпы мемлекеттік шара. Бұдан алынатын ақпарат барлық мемлекеттік аппарат үшін маңызды. Сондықтан, аудан тұрғындарынан санақ жұмысына жауапкершілікпен қарап, түсіністік білдіруін сұраймыз. Жалпы Ұлттық халық санағын өткізу барлығымызға ортақ міндет болғандықтан, халықтың қолдау білдіретіндігіне сенімдіміз.
Байғанин аудандық статистика басқармасы.