
Қопа ауылдық округіне қарасты Көптоғай елді мекенінде тұрғындардың көптен күткен интернет желісі іске қосылып, ауыл халқының игілігіне пайдалануға берілді. Бұл – ауыл тұрғындарының цифрлық қызметтерге қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі.
Аталған жоба ауыл тұрғындарының өтініші негізінде аудан әкімі Айбек Мұратқалиұлының тікелей қолдауымен жүзеге асырылды. «АуылТелеком» және «Қазақтелеком» компанияларының бірлескен еңбегінің нәтижесінде елді мекенге жоғары жылдамдықтағы интернет желісі тартылып, тұрғындарға сапалы байланыс қызметін пайдалану мүмкіндігі жасалды.
Қазіргі таңда ауылдағы 8 отбасының үйіне қажетті байланыс құрылғылары орнатылып, жоғары жылдамдықтағы интернет желісі тұрақты жұмыс істеуде. Алдағы уақытта қалған тұрғындарды да кезең-кезеңімен қосу жұмыстары жалғасатын болады.
Жаңа мүмкіндіктің игілігін әсіресе мал шаруашылығымен айналысатын ауыл тұрғындары айқын сезінуде. Интернет желісі арқылы мемлекеттік қызметтерді онлайн алу, қашықтан оқу, ақпарат алмасу, кәсіпкерлік пен шаруашылыққа қажетті мәліметтерді жедел пайдалану мүмкіндігі кеңейіп отыр.