
Қазақтың берекесі - ауылда. Сондықтан ауылдың тынысы ашылып, тұрмысы түзелсе, тұтас өңірдің еңсесі көтеріледі. Әйтеке би ауданына сапарым осы ойды айқын дәлелдеді.
Ауданның төрт ауылына жол түсті. Тұрғындармен жүздесіп, олардың ұсынысын тыңдап, қолға алынған жобалардың жүзеге асу барысын көрдім. Өзгеріс бар. Бұл – Ата Заңымыз айқындаған әділетті қоғам құру жолындағы нақты ісіміздің көрінісі.
«Жол қадірін жүрген білер» демекші, көлік жүргізушілері Қарабұтақ ауылы мен Қостанай облысын жалғайтын республикалық маңызы бар автожолды көп сынға алады. Орынды. Қазіргі уақытта 234 шақырымдық жолдың 80 шақырымын «Қазавтожол» жөндеуге кірісті. Жаңғырту жұмыстары - бақылауымда.
Бұдан бөлек, Әйтеке би ауданы аумағында Қарашатаудан - Жабасаққа, Тұмабұлақтан - Саратқа, Т.Жүргенов ауылынан - Саратқа дейін жол жөнделіп жатыр. Ауыл тұрғындары игілігін көретін күн алыс емес.
Ақтөбеден 396 шақырымды артқа тастап, Ақтасты ауылына бардым. Көптің күткені - көгілдір отын. Тезірек отын тасу, оны жағу, күлін шығару бейнетінен арылсам дейді. Келесі аптада «газ келді» деп халық сүйіншілеткелі отыр.