
Аудан әкімі Айбек Купенов Қарауылкелді ауылында жүзеге асырылып жатқан құрылыс және инфрақұрылымдық жобалардың жұмыс барысымен танысты.
Алдымен аудан басшысы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан 400 орындық мәдениет үйінің құрылыс алаңында болды. Жоба бойынша ғимараттың 1 және 2 қабаттарының құрылысы толық аяқталған. Қазіргі таңда шатыр жабу жұмыстары аяқталып, ішкі әрлеу және қабырғаларды сылау жұмыстары жүргізілуде. Заманауи талаптарға сай бой көтеріп жатқан мәдениет үйінде 400 орындық көрермен залы, кітапхана және түрлі үйірмелерге арналған кабинеттер қарастырылған.
Сондай-ақ аудан әкімі Қарауылкелді ауылындағы су құбыры желілерін кеңейту жобасының жүзеге асырылу барысын қарады. Жоба аясында жалпы ұзындығы 2151 метр су құбыры тартылып, бұрын орталықтандырылған ауызсу желісі жүргізілмеген Темір жол, Карим Ержанов және Аэропорт көшелерінің тұрғындары сапалы ауызсумен қамтылатын болады.
Бұдан бөлек, аудан басшысы Болашақ тұрғын массивін газдандыру жұмыстарының жай-күйімен танысты. Жалпы ұзындығы 21 шақырымды құрайтын газ құбыры желісінің құрылысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.