
Ұлт руханиятына тағзым
Бүгін Байғанин ауданында қазақтың көрнекті ақыны, сазгері әрі драматургі Бәкір Тәжібаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған мерейтойлық іс-шаралардың ресми ашылуы өтті.
Тағылымы мол рухани кеш — ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан дара тұлғаның өнегелі өмір жолын ұлықтап, мол әдеби мұрасын жас ұрпақпен қайта қауыштырған мазмұнды басқосу болды. Осылайша, Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдық мерейтойы Байғанин жерінде салтанатты түрде бастау алды.
Салтанатты шараның ашылуында Байғанин ауданының әкімі Айбек Купенов сөз сөйлеп, Бәкір Тәжібаев шығармашылығының ұлттық әдебиет пен мәдениеттегі айрықша орнына тоқталды. Сонымен қатар ақын мұрасын насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтіп, осындай тағылымды шаралардың өскелең ұрпаққа рухани тәрбие берудегі маңызына ерекше назар аударды.
Мерейтойлық кештің құрметті қонақтары қатарында еңбек ардагерлері Оразбек Далмағамбетов пен Есенкелді Қомпаев және ақын Орал Байсеңгір болды.
Сондай-ақ ақынның жиен қарындасы Бибігүл Маханова арнайы қатысып, ақынның адами болмысы мен шығармашылық өмірі жайлы естеліктерімен бөлісті.
Кеш аясында Бәкір Тәжібаевтың шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттауға арналған «Өлең-Ғұмыр» спектакль-концерті сахналанып, көрермен қауымға ерекше рухани әсер сыйлады. Байғанин аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ақынның жүрекке жақын өлеңдері мен әндерін орындап, кештің мазмұнын тереңдете түсті.
Айта кетейік, мерейтой аясындағы негізгі іс-шаралар биылғы қыркүйек айында Ақтөбе қаласында, сондай-ақ Жарқамыс және Қарауылкелді ауылдарында кең көлемде ұйымдастырылатын болады.
Бәкір Тәжібаевтың рухани мұрасы — ел жадында мәңгі сақталатын асыл қазына. Ұлт руханиятын ұлықтаған мерейтойлық жыл халқымыздың мәдени мұрасын дәріптеуге бағытталған тағылымды шаралармен жалғасын таба бермек.