
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аудан әкімінің орынбасары Нұржан Адаев Байғанин ауданының Оймауыт ауылында тұратын 106 жастағы Тұраш Құдайқұлова мен Миялы ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Ұштап Отаралина әжейдің шаңырағына барып, облыс әкімі Асхат Шахаровтың мерекелік құттықтауын табыстады.
Тұраш Құдайқұлова әжей 1920 жылы дүниеге келген. Еңбек жолында «Жамбыл» колхозында сауыншы болып еңбек етіп, кейін «Оймауыт» совхозында жұмыс істеген. Жолдасы Жантай ақсақалмен бірге 8 бала тәрбиелеп өсірген ардақты ана бүгінде 33 немере, 64 шөбере, 12 шөпшек сүйіп отырған «Алтын алқа» иегері.
Ал Ұштап Отаралина 1937 жылы дүниеге келген. 11 бала тәрбиелеп өсірген ардақты ана бүгінде үлкен әулеттің ақылшысы.
Ардақты аналарға гүл шоқтары мен сый-сияпаттар табысталып, ыстық лебіздер айтылды. Өнегелі ғұмыр иелеріне әрдайым құрмет көрсетіледі.