
Бүгін Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылында жаңа өрт сөндіру депосының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Маңызды шараға Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, төтенше жағдайлар саласының мамандары, аудан басшылығы және жергілікті тұрғындар қатысты.
Салтанатты жиынды ашқан ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Аринов өңірлерде азаматтық қорғау инфрақұрылымын дамыту – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Министр жаңа өрт сөндіру депосының іске қосылуы төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырып, Байғанин ауданы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын айтты. Сондай-ақ, өрт сөндірушілер үшін жасалған заманауи жағдайлар мен материалдық-техникалық жабдықталу жеке құрамның кәсіби дайындығын күшейтіп, көрсетілетін қызмет сапасын арттыратынын жеткізді.
Геологиялық жағдайы қалыпты климаттық аймақтарға арналған ІІ типті, екі өрт автокөлігіне есептелген депо 9 ауылдық округ пен 24 елді мекенді қамтиды. Нысан шамамен 18 мыңға жуық тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Құрылыс жұмыстары 2025 жылғы 28 сәуірде басталып, 2026 жылғы 5 ақпанда толық аяқталған. Өрт сөндіру депосы екі қабатты ғимараттан тұрады.
Бірінші қабатта кезекші қарауылға арналған бөлмелер, оқу сыныбы, ауысым бастығының кабинеті, демалу және тамақтану аймақтары, өрт автокөліктеріне арналған гараж, жуу бекеті, техникалық қызмет көрсету және инженерлік бөлмелер орналасқан.
Екінші қабатта жеке құрамның киім-кешегі мен мүлкін сақтауға арналған қойма, демалу және қалпына келтіру бөлмелері, сондай-ақ психологиялық түсіру бөлмесі қарастырылған. Сонымен қатар, өрт сөндірушілерді даярлауға арналған кіріктірілген жаттығу мұнарасы бар.
Айта кетерлігі, қазіргі қолданыстағы өрт сөндіру депосы 1958 жылы салынған апатты жағдайда болған. Осыған байланысты 2024 жылы облыс әкімінің қолдауымен жаңа өрт сөндіру депосын салу шешімі қабылданған болатын.