
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында аудандық мәдениет үйі алаңында ауданның бас шыршасын жағу салтанатты рәсімі өтті. Салтанатты шараға аудан тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Ауданның бас шыршасын жағу құрметі спорт ардагері, Өзбекстан Республикасында өткен самбо күресінен ардагерлер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дүсіп Сағынбайға және білім мен ғылым саласында аудан абыройын асқақтатып жүрген дарынды оқушы Ахмат Әлібекұлына берілді.
Ахмат Әлібекұлы – робототехника, STEM-инженерия және зерттеу жобалары бағытында жоғары нәтижелерге қол жеткізген жас өрен.
«Жарқыра, Жаңа жыл» атты мерекелік шара барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары көпшілік назарына театрландырылған қойылым мен концерттік бағдарлама ұсынды. Аязды ауа райына қарамастан, тұрғындар мерекелік кешті көтеріңкі көңіл-күймен тамашалады.
Ауданның бас шыршасын жағу рәсімі жаңа жылдық мерекелердің басталғанын білдіріп, көпшілікке шаттық пен ерекше әсер сыйлады.