Байғанин ауданының әкімі аймақтың тыныс-тіршілігі бойынша есеп берді

Байғанин ауданының әкімі аймақтың тыныс-тіршілігі бойынша есеп берді

Байғанин ауданының әкімі Айбек Көпенов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясын өткізіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері туралы баяндады.

Әкімнің айтуынша, аудан экономикасы тұрақты өсім көрсетуде. Өнеркәсіп саласында өсім – 6,8%, ауыл шаруашылығында – 1,9%, ал құрылыс көлемі өткен жылмен салыстырғанда төрт есеге артып, 306%-ға жетті. Сонымен қатар, инвестиция көлемі 60,4%-ға артқан, ал өңдеу өнеркәсібінде 8,5% аздаған төмендеу байқалады.

Инфрақұрылым саласында да оң нәтижелер бар. Ауданда 4 896 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, газбен қамту деңгейі 75,7%-ға жетті (жыл соңына дейін 83,5%-ға жеткізу жоспарлануда). Ауыз сумен қамту 97,4%-ды құрап, 93,3 шақырым жол жөнделген.

Бизнес пен әлеуметтік саланы қолдау бағытында да бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Мұнай компанияларының демеушілігімен саябақтар, спорт залдар, ойын алаңдары және әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді.

«Байғанин ауданына 36,9 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бұл – аудан экономикасының әлеуетін арттыруға бағытталған нақты қадамдардың нәтижесі. Ауданымызда мұнай компаниялары тек өндіріс емес, әлеуметтік бастамаларға да белсене қатысып келеді. Бұл – бизнестің қоғам алдындағы жауапкершілігін көрсетеді», – деп атап өтті өз сөзінде Айбек Көпенов.

Қазіргі таңда халыққа ашық, экономикасы тұрақты, инфрақұрылымы дамыған Байғанин ауданы – өңірдің болашағы жарқын аймақтарының бірі ретінде дамып келеді.