Жер қатынастары саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметті онлайн алу

Жер қатынастары саласында көрсетілетін  мемлекеттік қызметті онлайн алу

Жер қатынастары саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес көрсетіледі. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы № 301 бұйрығымен, жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету жөніндегі қағидалары бекітілген.

Осы қағидаға сәйкес, жер қатынастары саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алу электронды цифрлы қолтаңбаңыз (ЭЦҚ) болған жағдайда «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүргізіледі.         1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы, туындаған сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік бар.

Жер саласына қатысты мемлекеттік қызметтерді онлайн алуда азаматтар арасында көптеген сұрақтар туындап жатады. Мемлекеттік қызметті алушылар веб-порталда электронды өтініштерін жолдайтын қызмет көрсетуші мемлекеттік органды дұрыс таңдай білмеу жағдайы  көптеп кездеседі. Салдарынан мемлекеттік көрсетілетін қызметті уақытылы алуға, нәтижеге қол жеткізуге кедергілер туындауда. 

Сұрақтарға жауап алу мақсатында, келесі түсіндірмені жадыңызда ұстағаныңыз жөн.

Жер саласында ең көп көрсетілетін мемлекеттік қызметтің бір түрі – ол жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту.

Өзіңізге тиесілі жеке меншік құқығында немесе жалдау құқығында жер учаскеңіз бар, бастапқыда берілген нысаналы мақсаты «бау-бақша үшін». Сізде қандай да бір қажеттілік туындап, құрылыс жұмыстарын жүргізу мақсатында, «саяжай құрылысы үшін» нысаналы мақсатына өзгерткіңіз келеді. Осы қызмет түрін алу үшін электронды цифрлы қолтаңбаңызбен еlicense.kz порталына жүгінесіз.

Порталда, өтінішті толтырып, қажетті электронды құжаттарды тіркеп, барлық жұмыстар жүргізілгеннен кейін, лицензиярды таңдау - облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық округтердің жергілікті атқарушы органдарының атауы көрсетілген тізімдер ашылады. Одан әрі өзіңізге қажетті мемлекеттік қызметті берушіні таңдап, таңдау батырмасын басасыз. Осы тұста, ҚР Жер кодексінің 49-1-бабына сәйкес, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге мүдделі жеке және заңды тұлғалар жер учаскесі орналасқан жер бойынша өтінішін беретіндігін ескеріңіз. Егер де жер учаскеңіз Ақтөбе қаласының аумағында орналасқан болса, қалалық жергілікті атқарушы органды, яғни «Ақтөбе қаласы әкімінің аппараты» ММ таңдайсыз. Дұрыс толтырылып, жолданған өтініш нақты қызмет көрсетуші мекемеге жолданады және  мемлекеттік қызмет мерзімінде көрсетілетін болады.

Жер қатынастары саласында көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрін алуда сұрақтар туындаса, «Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы» ММ 54 15 54 телефон нөміріне хабарласып, кеңес алуыңызға болады.