Ақтөбелік шаруалар Астанаға 212 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелді

Ақтөбелік шаруалар Астанаға 212 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелді

Ақтөбелік шаруалар Астанаға 212 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелді

Елордада Ақтөбе облысы тауар өндірушілерінің қатысуымен ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр. 

«Астана арена» аумағында құрылған сөрелерге өңірдің 12 ауданы мен Ақтөбе қаласынан келген 20-дан астам тауар өндіруші мен қайта өңдеушілердің өнімдері қойылған. 

Дәлірек айтсақ, ақтөбелік шаруалар жәрмеңкеге 212 тонна өнім әкелді, оның ішінде 70 тоннасы - сиыр, қой және жылқы еті. Ал «Айс» ЖШС, «Агрофирма Тау» ЖШС, «Шыңғыс» ШҚ,  «Шекшек Ата» АШК,  «Абылай» ШҚ сүт және сүт өнімдерін, сондай-ақ, қымыз, шұбат, ешкі сүтін жеткізсе,  «Жаңа-Әлжан диірмен комбинаты» ЖШС, «Рамазан» ЖШС. ұн, макарон өнімдерін, «СПК «Айбек» ЖШС, «Степное» ЖШС, «Рокос»ЖШС ет консервасы және шұжық өнімдерін, «Изет Грин Хаус» ЖШС, «Гринхаус Казахстан» ЖШС жылыжай өнімдерін елорда қонақтары мен тұрғындарына ұсынды. 

Бір қуантарлығы, жәрмеңкеге шығарылған өнімдер алыпсатарларсыз, Астана қаласындағы базарлардан қарағанда 15-20 пайызбен төмен бағада сатылып жатыр. 

«Астана қаласында өтіп отыратын осындай жәрмеңкеге қатысу игі дәстүрге айналды. Жыл сайын біз елордаға өзіміздің ең үздік деген өнімдерімізді әкелеміз. Биылғы жыл облысымыз үшін, әсіресе өсімдік, мал шаруашылығында қолайлы жыл болды. Бұрын-соңды болмаған өнім алынып, 540 мың тоннадан астам астық жинадық. Мал басы көбейіп келеді. Мұндай көрсеткіштерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесінде қол жеткіздік. Жергілікті қожалықтар субсидиялау, төмен пайыздық мөлшерлемемен несиелеу бағдарламасын белсенді пайдаланып жүр», - деп атап өтті Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов.