2021 жылы Ақтөбе облысында елді мекендерді газдандыру бойынша бес ірі жоба жүзеге асырылады

2021 жылы Ақтөбе облысында елді мекендерді газдандыру бойынша бес ірі жоба жүзеге асырылады
Бүгін, 10 ақпан күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің тұрғындармен есептік кездесуі өтті. Есеп беру​ кезінде өңірдің 2020 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижесі баяндалып, биылғы жылдың міндеттері белгіленді. Шектеу шараларына байланысты кездесу онлайн түрде өтті.​
Өңір басшысы халықтың тұрмыс сапасын көтеру, атап айтқанда сумен, газбен және жарықпен жабдықтау мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Өткен жылы орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету бойынша 12 жоба іске асырылды
«Ақтөбе қаласында су тапшылығын болдырмау жұмыстары жалғасуда: Електің бастоғанын кеңейту жұмыстары жүргізіліп, Құндақтықырдың бастоғанын қалпына келтіру басталды, осы жылы Сарыбұлақ және Моисеев кен орындарындағы жерасты суларын іздеу-барлау жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.
Аталған жобаларды іске асыру Ақтөбе қаласына тәулігіне 126,5 мың текше метр суды қосымша жеткізуге және облыс орталығын тағы 40 жыл бойы тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2021 жылы 5,8 мың адам тұратын тағы он ауыл сумен қамтамасыз етілмек. Жалпы, халықты сумен қамту 96,9%-ға дейін өсетін болады»,- деді облыс әкімі.
Газбен жабдықтау мәселесі де өзекті болып қала береді.
Бүгінде газ құбырларының жалпы ұзындығы 6​ 720 шақырымды құрайды, облыстағы 315 елді мекеннің 126-сы газдандырылған, халықтың 91,4% қамтылған.
Былтыр 13 ауылдың тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізді, биыл тағы сегіз ауылға газ келеді. Сондай-ақ, ауылдарға құбыр желілерін тарту үшін құны шамамен 10 млрд. теңге болатын бес жаңа жобаны жүзеге асыру басталды, ​ яғни, болашақта 13 мыңнан астам тұрғыны бар 25 ауыл газбен қамтамасыз етіледі. Олардың қатарында Жұрын, Қаракөл, Әлімбет, Құмқұдық, Құтикөл, Ащысай, Қаратаусай, Байтұрасай, Аманкөл, Жарма және т.б. ауылдары бар.
Облыс электр энергиясымен 100% қамтылған, алайда тозығы жеткен электр желілерінің проблемасы әлі де бар.
2020 жылы инвестициялық бағдарлама аясында 684,2 шақырым электр тарату желілері мен 111 трансформатор жөнделіп, сонымен қатар, 2,8 млрд теңгеге жалпы ұзындығы 150 шақырым желіден асатын көше жарықтарын орнату мен жөндеу және аула аумақтарын жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.
Биылға 1,5 млрд теңгеге шаралар жоспарланған.
Ақтөбе қаласында көше жарығын салу және модернизациялау жобасы аясында көше жарығының 220 шақырым желісін салу және 74,4 шақырым желісін жаңғырту жоспарланып отыр.