Бұл туралы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Құсайын Сәрсембай өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен тікелей эфир кезінде мәлімдеді. Спикер азық-түліктің негізгі 32 түрінің 24-і облыста өндірілетінін атап өтті.
«Өңірді өз өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында 176,3 млрд.теңге сомасына 27 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда біз халықты өз өндірісіміздегі ет, бірінші сұрыпты ұн, нан-тоқаш өнімдерімен және күнбағыс майымен толық қамтамасыз етіп отырмыз. Мәртөк, Қобда, Қарғалы және Хромтау аудандарының ауылшаруашылық тауар өндірушілері өз өнімдерін төмендетілген бағамен сататын «Табыс Агро» дүкендері бар.
Дәл осындай сауда нүктелері «Болашақ» және «Нұр Ақтөбе» қалалық аудандарында да ашылады. Болашақта жоба барлық аймақтарды қамтиды», - деді басқарма басшысы.
Биылғы жылы 280 ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткізіліп, оның ішінде 342 тонна ет, 69 тонна сүт және сүт өнімдері, жалпы 820 тонна өнім сатылды.
Әр ауданда 2020-2022 жылдарға есептелген мал шаруашылығын дамыту, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу картасы бекітілді.
«Соңғы үш жылда азық-түлік тауарларының аймақтық тұрақтандыру қорын құруға 629 миллион теңге бөлінді. Қазіргі кезде тұрақтандыру қорында 2111 тонна картоп, 407 тонна сәбіз, 525 тонна пияз, 318 тонна қырыққабат, 20 тоннаға жуық қант, 75 тонна бірінші сұрыпты ұн, 60 тонна күріш бар. Сонымен қатар, бірінші сұрыпты ұн мен әлеуметтік нан бағасын тұрақтандырудың әрі қарайғы шараларын шешу үшін жергілікті бюджеттен 600 млн теңге бөлу мәселесі де шешіліп жатыр. Бұл мәселе облыс басшылығының ерекше бақылауында», - деп сөзін аяқтады Құсайын Сәрсембай.