Ақтөбе облысы Қазақстанда жайылымдық жер көлемі бойынша бірінші орында.

Ақтөбе облысы Қазақстанда жайылымдық жер көлемі бойынша бірінші орында.

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жұмыс сапары аясында Ақтөбе облысына барып, өңір аграршыларымен кездесті.

Кездесуге кеңейтілген форматта онлайн байланыс арқылы аудандардағы шаруа қожалықтарының басшылары да қатысты. Облыс әкімі Асхат Шахаров өңір ауыл шаруашылығының негізгі бағыты мал шаруашылығы болып қала беретінін атап өтті. Сонымен қатар Әйтеке би, Қарғалы, Хромтау және Мәртөк аудандарында өсімдік шаруашылығы да белсенді дамып келеді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 412 млрд теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 2,5%-ға өскен. 2026–2028 жылдары өңірдің агроөнеркәсіп кешенінде жалпы сомасы 94,9 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда, оның ішінде 4 жоба биыл іске қосылады.

 Кездесу қорытындысында вице-премьер Ақтөбе облысы 25,3 млн гектар жайылымдық жерімен еліміздегі ең ірі өңір екенін атап өтті. Мемлекет аграршыларға қолдау көрсетуді жалғастырады, сонымен қатар қарсы талаптар да күшейтілуде.

Одан кейін Серік Жұманғарин бюджет мәселелері бойынша бөлек жиын өткізіп, қаржыландырудың негізгі параметрлері мен шығыстардың басым бағыттарын қарастырды. Талқылау қорытындысы бойынша бюджет қаражатын тиімді пайдалану және оның игерілуіне бақылауды күшейту жөнінде тапсырмалар берілді.

Жұмыс сапары аясында министр «KAZFELTEC» ЖШС жүн өңдеу зауытының жұмысымен де танысты. Кәсіпорын италиялық технологияларды пайдаланып, табиғи қой жүнінен жылу және дыбыс оқшаулағыш материалдар өндіруге маманданған.