«Музей түні – 2025»: Ақтөбе тұрғындарына арналған рухани кеш

- 18 мамыр – Халықаралық музей күніне орай Ақтөбе қаласында «Музей түні – 2025» атты кең ауқымды мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылды. Бұл кеш қала тұрғындары мен қонақтары үшін тарихпен, өнермен және ұлттық мұрамен қайта қауышудың жарқын сәтіне айналды.
- Мәдени-танымдық шаралар Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінде және Ақтөбе облыстық өнер музейінде өтті. Сонымен қатар, облыстың 12 ауданында да Халықаралық музей күніне орай «Музей түні» іс-шаралары өз деңгейінде жүзеге асты.
- Облыстық тарихи-өлкетану музейінде қыш, ши тоқу, майшам дайындау, тері өңдеу сынды дәстүрлі қолөнер түрлері бойынша шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Балаларға арналған театрландырылған қойылымдар, ұлттық ойындар мен «Кальмар» ойыны ойнатылды. Келушілер үшін ұлттық тағамдар ұсынылып, оның ішінде тары мен талқанның дайындалу жолы көрсетілді. Сонымен қатар, Тұмар (Томирис) патшайымы мен қазақ батырларының тарихи бейнелері, құрт-құмырсқалар әлемі және энтомологтың зертханалық жұмыстары ұсынылды.
- Әлия Молдағұлова музейінде өткен кеш көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Музей аумағында тарихи инсталляциялар мен фотоаймақтар ұйымдастырылып, келушілер шеберлік сабақтарына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Әскери шатырлар мен дала асханасы ұсынылды. Кештің шарықтау сәттерінің бірі – кішкентай Әлияның отбасымен отырған әсерлі көрінісі болды. Бұл композиция көрерменнің жүрегіне жылы тиіп, батыр қыздың балалық шағына шынайы саяхат жасатты.
- Өнер музейінде этно-стильдегі сән көрсетілімі, суретшілердің жеке және топтық көрмелері, күміс әшекейлер мен қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі өтті. Қонақтар өз портреттерін салдыртып, тактильді шеберлік сағаттарына қатысты. Сондай-ақ, мерекелік шағын концерт ұйымдастырылып, кеш қонақтарына қазақтың ұлттық тағамы – бауырсақ таратылды.
- Мәдени - танымдық кештің басты мақсаты – музей ісін дәріптеп, халықты ұлттық құндылықтармен етене таныстыру. «Музей түні – 2025» тұрғындарға ерекше көңіл-күй мен рухани демалыс сыйлады.
-