Ақтөбеде «Әлия» мюзиклінің тұсаукесері аншлагпен өтті

Ақтөбеде «Әлия» мюзиклінің тұсаукесері аншлагпен өтті

Ақтөбеде тұсаукесері салтанатты түрде өткен "Әлия" мюзикліне келген көрермен залға лық толды. Бұл - қаланың мәдени өміріндегі маңызды оқиға.

Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры сахналаған жаңа мюзикл-спектакль қазақ халқының аты аңызға айналған қызы Әлия Молдағұлованың таңғажайып тағдыры мен өмір жолы туралы айтады. Премьера Кеңес Одағының Батырының туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Қойылымды Astana Musical мемлекеттік театрының көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазин жүзеге асырды.

«Әлия» – Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлігін баяндайтын тарихи-биографиялық музыкалық пьеса. Шығармада оның қиын балалық шағы, әскери өмірі мен майдандағы ерлігі көрініс табады. Әлияның қайсарлығы мен Отанға деген сүйіспеншілігі драмалық тартыстар мен әсерлі диалогтар арқылы ашылады», - деді Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының көркемдік жетекшісі Бағдат Телеуғалиев.

«Әлия» - толыққанды мюзикл. Мұнда соғыс кезіндегі қақтығыс-шайқастардың барлығы хореографиямен, әнмен сомдалады. Пьеса Ахтанов театрының актерларына арнайы жазылған.