Ахметтің оркестрі

Ахметтің оркестрі

А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрі — ұлттық өнердің қолдаушысы. Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның құрамындағы ұжым талай елге гастрольдік сапармен барып, әлем сахналарында қазақ музыкасының жауһарларын паш етіп келеді.

Оркестр 2003 жылдың қараша айында құрылған болатын. 2006 жылы Құрманғазы атындағы бірінші қазақ халық аспаптары оркестрінің негізін қалаған Ахмет Жұбановтың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланған тұста аталған ұжымға Ахмет Жұбановтың есімі берілді.

Оркестрдің негізін қалаушы —  Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, профессор, композитор Қайырғали Қожанбаев.

Бүгінде бұл ұжымға ҚР еңбек сіңірген қайраткері  Дәурен Ғылымов басшылық етеді, бас дирижері —  ҚР мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Мадина Қабижанова. Сондай-ақ ұжымда ҚР еңбек сіңірген қайраткері, домбырашы, күйші, қазанғаптанушы Жайлау Асылханов, республикалық конкурстардың лауреаты, дирижер Есенжан Мұстафин, ҚР мәдениет саласының үздіктері Ғарифолла Жақсыбеков, Талап Хамзин, Кәмшат Балмұратова, т.б. еңбек етеді.

Оркестрдің көркемдік жетекшісі және дирижері Дәурен Ғылымовпен сұхбаттасқан едік...

Жетістіктер мен жеңістер 

Дәурен Ғылымов оркестрдің  көркемдік жетекшісі тізгінін 2015 жылы ұстағанын айтады. Десе де әңгімені өнер ұжымының алғашқы қалыптасу кезеңінен бастады:

 

Осында келгеннен кейін оркестрдің қалыптасу, аяққа тұру, даму кезеңдерінің тарихын түгел шолып шықтым. Өнер ұжымы құрылған алғашқы жылдары облыстың аудандарын аралап шыққан. 2007 жылы республиканың түкпір-түкпірін аралап, Астанада, Алматыда өнер көрсетті.

Жеткен жетістіктері баршылық: Ақтөбеде Ахмет Жұбановтың туғанына 100 жыл толуына арнап өткізілген ұлт аспаптар оркестрлерінің республикалық  фестивалінде І орынды иеленді. Одан соң Ресейдің Магнитогорск қаласында өткен халықаралық «Еуропа-Азия» оркестрлер конкурсында бас жүлдені жеңіп алды. 2009 жылы Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы елшіліктерінің ұйымдастырумен Мәскеуде халықаралық Музыка үйінің камералық залында өткен «Наурыз мейрамы» атты гала-концертте  өнер көрсетті. Астананың 10 жылдық мерейтойына арналған үлкен концертке қатысты. 2012 жылы Башқұртстанның Уфа қаласында өткен «Зов Урала» атты оркестрлер конкурсында бірінші орынға лайық деп танылды. 2018 жылы Атырау қаласында өткен дәулескер күйші Құрманғазының 190 жылдық мерейтойына арналған 1000 адамдық оркестр құрамында өнер көрсетіп, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Осы концертте 1000 адамдық оркестрге дирижерлік жасаған жеті дирижердің қатарында академик Ахмет Жұбановтың шәкірті, біздің ұстазымыз Қайырғали Қожанбаев та болды, — дейді Дәурен Ғылымов.

 

Өнер ұжымы әлемнің көптеген елдерінде іссапарда болып, концерттер, музыка фестивальдерін ұйымдастырды. 2019 жылы Бельгия мемлекетінің  Брюссель қаласында Қазақстанның  Бельгиядағы елшілігі ұйымдастырған Наурыз мерекесіне қатысып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сол жылы халықаралық «Жұбановтар әуені» ұлт аспаптар оркестрлері және ансамбльдер фестиваль-байқауында оркестрлер номинациясы бойынша бас жүлдені иеленді. 2022 жылы Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі Құрмет грамотасымен марапатталып, үздіктер қатарынан көрінді.

Мен Франциядағы «Мәдениет және дәстүр» ассоциациясының Қазақстандағы елшісімін. 18 жылдан бері елшілік қызмет атқарамын. Осы елшіліктің мұрындық болуымен Бельгия, Люксембург, Гонконг, Үндістан, Молдавия және басқа да мемлекеттерде өнер көрсетіп, әлем жұртшылығын қазақ өнерімен тамсандырдық. Өткен жылы Астанадағы Конгресс-холда жеке концертіміз өтті. Өнерсүйер қауым оркестрдің орындауындағы шығармаларды жылы қабылдады. Биыл облыс әкімі Асхат Шахаровтың қолдауымен оркестр ұжымы Италия мемлекетіне іссапармен баруды жоспарлап отырмыз. Оркестр репертуарында 300-ге жуық шығарма бар. Көрерменнің қошеметін көру өнер адамына үлкен шабыт береді. Біз әлемдік деңгейдегі мықты деген өнер ұжымдарымен тең өнер көрсету үшін даярланып жатырмыз. Биыл Алматы қаласында да өнер көрсетеміз, — деді ол.

Сонау 60 жылдардың басында Байғанин ауданында құрылған әйгілі Қазанғап атындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрі 1967 жылы Алматы қаласында өткен республикалық фестивальде бас бәйгені жеңіп алған еді, кейін «халық оркестрі» атағына ие болды. Оркестр құрамында Сүндет Сарыбаев, Михаил Жәленов, Мырзағали Төлеуов, Сәңкібай Абдуллин, Серғазы Санақаев, Қалдан Сағынова, Боран Баймұратов, Жібек Ілиясовалар сияқты өнер майталмандары талай рет жүлделі орындарға ие болған еді.

Мың домбыраның үні

 Оркестр құрамына 1996 жылы келген Мадина Қабижанова 2013 жылдан бері бас дирижер. Оркестрдің жетістікке жетуінде бас дирижердің рөлі жоғары екені айтпаса да түсінікті.

— Ақтөбе — мәдениетке ерекше мән берген өңір. Өңірімізде қазақ кәсіби музыка өнерінің негізін салушы, академик Ахмет Жұбановтың және ұлағатты ұстаз, композитор Ғазиза Жұбанованың өмірі мен шығармашылығын насихаттау, ұлттық мәдениетті  дамыту, шын таланттардың кәсіби шеберлігін арттыруды мақсат еткен «Жұбановтар әуені» фестиваль-байқауы 2006 жылдан бері өткізіліп келеді. 2019 жылы осы байқаудың «Ең үздік оркестр» номинациясы бойынша бас жүлде алғанымызды мақтанышпен айта аламын.

Домбыра — ұлттық тәрбиенің өзегі, себебі қазақ тарихы мен мәдениетін домбырасыз елестету қиын.  Ұлттық мұрамызды өскелең ұрпақтың бойына сіңіруіміз үшін ортақ құндылықтарымызды жан-жақты насихаттауымыз керек. Осы мақсатта жыл сайын Ұлттық домбыра күнін кең көлемде атап өтеміз. Былтыр Ұлттық домбыра күніне орай «Қазақ еліне мың алғыс» стеласы алаңында біздің оркестр мыңнан астам домбырашының басын біріктіріп, бір мезетте бірнеше күй орындады, — деді ол.

Оркестрдегі жастар

Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрінің құрамы жыл сайын жас мамандармен толығып келеді. Олардың дені — Астана, Алматы, Түркістан қалаларында жоғары оқу орнын тәмамдаған жастар. Солардың бірі — домбырашы Нұрдәулет Қуандықов.

 Түркістан қаласы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Дәстүрлі музыка өнері» мамандығы бойынша тәмамдадым. Ең алғаш қолыма домбыра ұстатып, мені өнерге баулыған әжеме ризашылығым шексіз. Осы уақыт ішінде 50-ден астам республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты атандым. Бақыт Қарабалина, Ұлдай Бердешова, Талап Хамзин, Ерасыл Қауымбаев сынды ұстаздардан тәлім алдым. Оркестрге келгелі бері Қазақстанның барлық облысында өнер көрсетіп келемін. Өз ісін білетін әрі оны сүйетін жандармен жұмыс істеу маған шабыт сыйлайды. Әр елге сапарымыз қызықты өтеді. Мәселен, Түркия мемлекетінде өткен концертімізде көрермен залы лық толы болды. Концерттен кейін қаланың әсем жерлерін көру үшін метромен саяхаттадық. Ол жерде қолына гитара алып, әндетіп отырған жігітті көзім шалды. Біз де домбырамен «Балбырауын», «Адай» күйлерін әуелеттік. Әсіресе «Адай» күйін орындау маған ерекше шабыт сыйлайды. «Өнер — ұлт келбеті» дейді дана халқымыз. Осы ретте ұлттық аспаптарымызды, ұлттық өнерімізді насихаттауға үлесімді қосқым келеді, — дейді Нұрдәулет Қуандықов.