«Алақай» қуыршақ театрында "Жомарт ағаш" қойылымының премьерасы өтті

«Алақай» қуыршақ театрында "Жомарт ағаш" қойылымының премьерасы өтті

Жаңа жылда — жаңа премьера. «Алақай» қуыршақ театрында америкалық жазушы Шел Силверстайнның «Жомарт ағаш» шығармасының желісі бойынша сахналанған қойылымның тұсаукесері өтті.

Алғаш рет қуыршақ театрының сахнасында көрсетілген «Жомарт ағаштың» режиссері — Антон Зайцев пен Роман Бокланов.

Шығарманың желісі бойынша кішкентай бала күн сайын мәуелі алма ағашы өсіп тұрған алаңқайға келіп армансыз ойнайды. Ағаштың діңіне өрмелеп, бұтағына тербеліп, жемісін жейді. Бірақ балаөскен сайын оның қажеттіліктері көбейе береді. Алма ағашына әр келген сайын ол өзіне керектің бәрін — ақша, үй, үлкен қайық сұрайды. Жеміс ағашы баланың бақыты үшін әуелі жемісін, кейін бұтақтарын береді, ең соңында өзін толық құрбан етеді.

Ерекше форматта сахналанған премьерадан соң театр директоры Әсия Құрманалинамен сөйлескен едік.

— Бұл қойылымды сахналауды режиссермен бірге көптен бері жоспарлап жүргенбіз. Сәті биыл түсті. «Жомарт ағаш» арқылы біз нені көрсеткіміз келді? Өмірде алу және беру заңдылығы бар. Біз тұтынушы ретінде қоғамнан, жақындарымыздан қажеттініңбәрін аламыз. Ал орнына не беріп жатырмыз? Қойылымды көрген әрбір көрермен өзіне осы сұрақты қоюы керек. Сахнадағы алма ағашының орнына өмірде ата-атаңды, досыңды қойып көрсең, сұрақтың жауабын табасың. 

Тәрбиелік мәні зор қойылым әрбір көрерменнің жүрегіне жетіп, қандай да бір жақсылық жасауына үлесін тигізеді деген ойдамыз, — деді театр директоры.

Қойылымды 12 жастан бастап көруге болады.

Билет бағасы — 700 теңге.