Әлияны еске алды

Әлияны еске алды

14 қаңтарда Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ерлікпен қаза тапқанына 80 жыл толды. Бұл күні қобдалықтар дәстүрден жаңылмай, әдеттегідей Әлиясын еске алды.

Батырдың кіндік қаны тамған Бұлақ пен Әлия ауылдарында орнатылған ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылып, рухына Құран бағышталды. Бұлақ ауылында өткен еске алу шарасына облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, Қобда ауданының әкімі Ізгілік Тынымгереев, «Ақтөбе облысы ауған соғысы ардагерлері ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Қойлыбаев, батырдың ауылдастары мен оқушылар қатысты.

Шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова Әлияның ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, насихаттап, жыл сайын дәстүрлі түрде еске алу шарасын ұйымдастыратын қобдалық ағайынға ризашылығын білдірді.

Қанша ғасыр өтсе де, Әлия ұмытылмайды. Оны еске алып, рухына Құран бағыштау — біздің парызымыз.

Бүгінде батырдың кіндік қаны тамған Бұлақ пен есімі берілген Әлия ауылдарында тұрғындарды тұрақтандыру, әл-ауқатын арттыру бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Былтыр Бұлақ ауылына баратын жол жөнделіп, көгілдір отын тартылды.

Келер жылы Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толады. Осыған орай облыс әкімінің тапсырмасы аясында бірнеше әлеуметтік бағыттағы жобаларды жүзеге асыру жоспары бар. Мәселен, осы ауылдағы саябаққа абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, спорт алаңы жасақталады. Әлияда жаңа балабақша салынады. Бірқатар әлеуметтік нысанға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек батыр қыздың қайталанбас ерлігін насихаттау мақсатында халықаралық, республикалық деңгейде патриоттық шаралар өткізіледі, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Бұдан соң ел ағалары Әлия ауылындағы «Рахман» мешітіне барып, батыр қыздың рухына Құран бағыштады. Кейін жылдағы дәстүр бойынша Әлия Молдағұлованың ескерткішінің жанына жиналды.

Әлия ауылдық Мәдениет үйінде «Әлия — батыр қызы сен халқымның…» атты концерт өтіп, шара соңында «Әлия оқулары» байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Дәл осы күні «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығында аудан волейболшылары ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен Кеңес Одағының Батырына тағзым етіп, Әлия атындағы кубок үшін тер төкті.