Асхат Шахаров қазақша әндер шырқап жүрген кәріс әншісіне домбыра сыйлады

Асхат Шахаров қазақша әндер шырқап жүрген кәріс әншісіне домбыра сыйлады

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қазақ әндерін кәріс тілінде шырқап, желі қолданушыларын тәнті етіп жүрген әнші Сон Вон Сабпен кездесті.

Кездесуде өңір басшысы әншінің қазақ мәдениетін, қазақ әндерін Корей елінде ғана емес, бүкіл әлемге танытып, насихаттауға қосқан үлесін айтып өтіп, шығармашылық табыстар тіледі.

«Сіз туралы жақсы пікірлер айтылып жүр. Желі қолданушыларының ыстық ықыласына бөленіп келесіз. Көрсетіп жүрген өнеріңізді бізде де жоғары бағалаймыз. Өзіңізге қазақстандықтар өте риза. Әсіресе, домбыра тартып, қазақша әндерді шырқап жүруіңіз – көпке үлгі. Алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеп, екі елдің арасындағы байланысты нығая түседі деген сенімдемін», - деп атап өтті Асхат Шахаров.

Басқосуда Сон Вон Саб облыс әкіміне қонақжайлылығы және сыйлығы үшін алғысын білдірді, жақында ғана жарық көрген жеке альбомын тарту етті. Шәмші Қалдаяқтовтың «Сыған серенадасы» әнін де шырқап берді.

Айтып өту керек, Сон Вон Саб - «Visit Aktobe» туристік ақпараттық орталығының ресми амбассадоры атанды. Оның Ақтөбеге келудегі мақсаты да – осы. Әнші Оңтүстік Корея мен Қазақстан арасындағы өзара ынтымақтастықты ілгерілету, туризмді дамыту, мәдени байланысты арттыру, қазақша әндерді репертуарына көптеп қосуға ниетті. Ақтөбе туралы бейнебаян түсіру де жоспарында бар.