Ақтөбеде қала күніне орай 60-тан астам қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтті

Ақтөбеде қала күніне орай 60-тан астам қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтті

Ақтөбеде қала күнін мерекелеу 60-тан астам қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концертпен аяқталды. Мерекелік кеште Светлана мен Қанат Айтбаевтар, Бүркіт пен Айша, Садраддин, Мирас Жүгінісов, Кенжебек және «Формат» тобы және т.б. көпке танымал әншілер өнер көрсетті.

Ақтөбе қаласының тұрғындары мен қонақтарын қала күнімен облыс әкімі Ералы Тоғжанов құттықтады.

«Електің сол жағалауындағы шағын бекіністен Батыс Қазақстанның ең ірі қарқынды дамып келе жатқан қалаларының біріне айналған облыс орталығының 154 жылдық тарихы маңызды оқиғаларға және арда азаматтардың қажырлы еңбегіне толы.

Бұл өңір - талай биік тұлғаларды, әулиелер мен би-шешендерді, хандар мен ғалымдарды дүниеге әкелген, қасиет қонған, батырлар мекені. 

Еліміздің осы бір киелі өлкесінен кіші жүз ханы Әбілқайыр, Әйтеке би, XV ғасырдың батыры Қобыланды, әйгілі лингвист, түркітанушы Құдайберген Жұбанов пен Ұзақбай Құлымбетов, Нұрпейіс Байғанин, Тахауи Ахтанов, бастаған дарынды ақын-жазушылардың, әйгілі академик Ахмет Жұбанов бастаған сазгерлер мен суретшілердің, өзге де өнер тарландарының атамекені.  

Болашақта Ақтөбе агломерация орталығына айналады. Қала картасында жаңа тұрғын үй алаптары пайда болып, коммуналдық желілер ретке келтірілуде. Облыс орталығы бизнесті дамытуға және инновациялық жобаларды іске асыруға дайын, инвесторлар үшін де тартымды», - деп атап өтті өңір басшысы.

Ералы Тоғжанов атқарушы биліктің негізгі міндеті қаланы үйлесімді дамыту, Ақтөбе дәстүрлерін сақтаумен қатар жайлы өмір сүру үшін қолайлы жағдайлар жасау болып қала беретінін алға тартты.

«Біздің қаламыздың бай тарихы мен тамаша болашағы бар. Сауда, өндірістік, көлік, ғылыми-білім беру және мәдени орталық ретінде мүмкіндігі зор. Кез-келген қаланың жаны - тұрғындар. Туған Ақтөбені ең абаттандырылған орталықтардың біріне айналдыруға ұмтылғандарыңыз, оның тағдырына бей-жай қарамағандарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Тер төгіп, жемісті еңбек еткен, қазіргі жетістіктердің берік негізін қалаған ардагерлерге рахмет», - деп атап өтті облыс әкімі.

Концерттік бағдарламаның жүргізушілері, белгілі шоумендер Марат Оралғазин, Еркебұлан Мырзабек мерекелік көңіл-күй сыйлады. Мерекеге отбасыларымен келген ақтөбеліктер дүркірегеп өткен кешті тамашалап, керемет күйге бөленді.

Димаш Құдайбергеннің жерлестеріне бақыт, туған қаласына өркендеу тілеген бейнеқұттықтауын көрермендер қошеметпен қарсы алды. 

«Ақтөбе - менің жүрегім. Мен сіздің қонақжай қалаңызға жиі келемін, оны шын жүректен жақсы көремін», - деді танымал әнші Мирас Жугунусов.

Алаңға жиналған Ақтөбе тұрғындары мен қонақтары атақты әншілердің қойылымдарын ғана емес, сонымен қатар қаланың түнгі аспанын мың жарқын бояумен көмкерген түрлі-түсті отшашуды тамашалады.