Ақтөбеде "Қобыланды деген ері бар" республикалық жыршылар байқауы өз мәресіне жетті

Ақтөбеде  "Қобыланды деген ері бар" республикалық жыршылар  байқауы өз мәресіне жетті

Түгел түркі әлеміне ортақ тұлға – Қобыланды батырға арналған жыр додасы биыл екінші рет өтіп отыр. Өткен жылы "Едіге деген ер екен" атауымен өткен жыр байқауы биыл "Қобыланды деген ері бар" атауымен Қобыланды батыр жырының бірнеше нұсқаларын жырлау бойынша өтті.

Жыр бәйгесіне 16-40 жас аралығындағы 17 үміткерден өтінім түскен. Екі кезең бойынша бақ сынасқан жыршылар "Қобыланды батыр" жырының нұсқаларын ұлттық аспатар - домбыра, қобыздың сүйемелдеуімен орындап берді.

Бас жүлде - Батыс облысының жыршысы Альбина  Сабыроваға бұйырды.

Сондай-ақ, биылдан бастап "Жыл жыршысы - 2023" көшпелі  кубогы ең үздік орындаушы әрі көп жыр-дастанды жатқа білетін жас жыршыларға табысталатын болып шешілді. Бұл кубокты биыл "Ер Едіге" жыр мектебінің шәкірті Самал Медеубаева иеленді. Самал 10-нан астам ең ірі көлемді дастанды жатқа біледі.

Павлодар облысынан келген Жігер Бөкеннің жырды қобызда орындау шеберлігіне тәнті болған  "Ер Едіге" жыр мектебінің жетекшісі, жырау Әділбек Сарин өз атынан жылқы мінгізді. Атап өту керек, Жігер Бөкен байқауда талапқа сай орындауы тиіс жырды айтпай, өз қалауымен басқа жырды орындағаны үшін жүлдеден қағылған.  Алайда, таланты тас жарған жыршының өнері қошаметсіз қалмады.

Ал, жүлделі бірінші орынға "Ер Едіге" жыр мектебінің шәкірті Сымбат Жомартованың еншісіне тиді. ІІ орынды Жамбылдан келген Бекарыс Көштаев, ақтөбеліктер Бақыт Арыстанғалиева мен Дильназ Қуаныш бөлісті. ІІІ орын  Нұрайым Ерталапқызы (Қарағанды облысы), Аружан Ерімова (Алматы қ.) мен Самал Медеубаеваға (Ақтөбе облысы) бұйырды (әрқайсысына 200 мың теңге).

 

Арнайы номинация иегерлері:

-"Ақтөбе облысы әкімінің" жүлдесі "Ер Едіге" жыр мектебінің шәкірті Ғани Қайроллаевқа (Ақтөбе облысы);

- "Қобыланды батыр" атындағы жүлде Абдуррахман Естайұлына (Астана қ.);

- "Жас жыршы" номинациясы "Ер Едіге" жыр мектебінің шәкірті Жанерке Құттығайға  (Ақтөбе облысы) бұйырды.

Атап өту керек, Ақтөбеде ашылғанына екі жылдан асқан "Ер Едіге" жыр мектебінде 40-тан астам жас шәкірт тәлім алуда. Олардың алды республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы. Жыр мектебі Ақтөбе қаласының төрт мектебінде тегін оқытылуда. Жетекшісі жыршы Әділбек Сарин.

Өңірде ел қорғаған Қобыланды батырды  ұлықтауда көптеген жұмыстар жүзеге асырылып, жалғасын табуда. Атап айтсақ, Қобыланды батыр жырының нұсқаларын жинақтау жұмыстары бойынша Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен бірлесіп, ғылымға белгілі 29 нұсқасын шығару жұмыстары қолға алынды.

«Ер Едіге» жыр мектебінің жыршыларын жұмылдыра отырып, 10 мың жолдан тұратын Қобыланды батыр жырын халық ақыны Нұрпейіс Байғанин және Марабай жырлаған нұсқаларын жырлатып қана қоймай, кітапқа QR-код-пен  цифрлық форматта енгізу қолға алынған.