Ералы Тоғжанов 2022 жылы толағай табыстарға қол жеткізген мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесті

Ералы Тоғжанов 2022 жылы толағай табыстарға қол жеткізген мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесті

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Umai ұлттық сыйлығы мен республикалық Dala dauysy байқауының жеңімпаздары, сондай-ақ «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттарымен кездесті.

2022 жылдың соңғы екі айы ақтөбеліктер үшін олжалы болды.

Алғаш рет өткен Umai ұлттық өнер сыйлығына қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен 400-ден астам өтінім түскенімен, арнайы дайындалған жүлделер тек 19 адамға ғана  бұйырды. Өзгелерден оза шауып, үздіктер қатарынан көрінген жеңімпаздар қатарында ақтөбеліктер де бар. Атап айтар болсақ,  «Хореографиялық өнер» номинациясы бойынша «Үздік би тобы» жүлдесін Гүлнар Мәмбетова жетекшілік ететін Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының «Аққу» ансамблі алды. Ал байқаудың сараптау комиссиясының ынталандыру сыйлығы Әсия Құрманалина жетекшілік ететін облыстық «Алақай» қуыршақ театрының ұжымы қойған «Ит» спектакліне берілді.

Ұлттық мәдениетті сақтау және дамыту, қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайту мақсатында Dala dauysy республикалық байқауы  жарияланды.  Дәстүрлі, классикалық, эстрадалық және театр өнері жанрында жаңа туындыларды жарыққа шығаратын авторларды қолдауға арналған байқау аясында барлығы 5 номинация бойынша 16 сыйлық берілді. «Үздік фольклорлық музыка» номинациясы бойынша «Біздің ауыл тамаша» авторлық вокалды-аспаптық шығармасы үшін ақтөбелік Орал Байсеңгір марапатталды.

«Қазақстан театр сыншылары қауымдастығының» шешімімен «Жыл композиторы» атағын «Ер Едіге» және «Ричард-ІІІ» қойылымдарын әуенмен әрлеген композитор, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясының  «Арайлы Ақтөбе» ансамблінің жетекшісі Серік Закария иеленді.

Ал облыстық филармонияның классикалық музыка ансамблінің көркемдік жетекшісі Нұртас Омаров «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанса, облыстық филармонияның қазақ камералық хорының көркемдік жетекшісі, дирижері Мирбол Құспанов «Жыл адамы-2022» атағына лайық деп танылды. 

Облыс әкімі жиынға қатысушыларға жоғары жетістіктері, мәдениет саласын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, шығармашылық жолында жаңа табыстар тіледі.

«Сіздердің жеңістеріңіз – қажырлы еңбектің жемісі. Бұл облыс үшін үлкен мәртебе. Алдағы уақытта да осындай лайықты жеңістер көп болатынына сенімдімін. Біз өз тарапымыздан сіздерге жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», - деп атап өтті өңір басшысы.