Ералы Тоғжанов мәдениет саласы және архив қызметкерлерімен кездесті

Ералы Тоғжанов мәдениет саласы және архив қызметкерлерімен кездесті

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өткен кездесу барысында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов мемлекеттік архивтің 4 қызметкеріне Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің  «Архив саласының үздігі» медалін табыс етті.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы  22 желтоқсан Архив қызметкерлері күні болып ресми түрде бекітілді. Бүгінгі таңда өңірдегі 13 архив мекемесінде 89 адам жұмыс істейді. Оның — 46-сы мұрағатшы.

Жиын барысында заманауи үрдістерді ескере отырып, мәдениет саласын дамыту және қайта форматтау мәселелері айтылды.

«Мәдениет мекемелері қоғамның адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруда үлкен әлеуетке ие. Оны толық іске асыру үшін бұл салада заманауи технологиялар мен үрдістерді кеңінен қолдану қажет», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.Ол қазіргі қоғамдағы мәдениет тек тарихи құндылықтарды сақтап қана қоймай, креативті индустрияны дамытуға да бағытталуы керектігін айтты.

«Креативті индустрияны дамытудың арқасында біздің мәдениетіміз Америка, Англия секілді елдердегідей экономиканың маңызды саласына айналуы мүмкін. Мысалы, Оңтүстік Кореядағы BTS тобының  ақша айналымы шамамен 37 млрд. долларды құрайды. Мәдениет саласының әлеуеті зор, бірақ дереккөздерді іздеп, халықаралық тәжірибелерді зерттеу қажет», - деді облыс әкімі.

Жуырда Ақтөбеде 5 жерде тәулік бойы жұмыс істейтін креативті орталықтар ашылады деп күтілуде. Оның ең үлкені «Өнер орталығы» ғимаратында құрылады.

«Талантты балаларға жағдай жасау керек. Өңірдегі өнерге қызығушылық танытатын әрбір жас музыкалық аппаратураға еркін қол жеткізе алуға тиіс. Сондай-ақ олардың сахнаға шығуларына да  барынша мүмкіндік жасалуы қажет. Шығармашылықпен айналысуға кез келгеннің қаржылық жағдайы келе бермейді. Облыс орталығында ашылатын креативті орталықтарға орта есеппен айына 10 мың адам келіп, соның кем дегенде 1 пайызының таланты ашылса, оның өзі тамаша нәтиже болмақ», - деп атап өтті өңір басшысы. 

Кездесу барысында мәдениет саласының өкілдері өздерін толғандырған мәселелерін сөз етті. Димаш Құдайбергеннің вокалдан сабақ берген ұстазы, композитор Марат  Әйтімов музыкалық колледжге жаңа ғимарат қажет екенін айтты. Білім ордасының қазіргі ғимараты мұғалімдер мен студенттерге тарлық етеді. Оркестрлер мен ансамбльдерде маман тапшы. Жастардың 90%-ы оқуын аяқтай сала, Астана мен Алматыға кетеді екен. Басым бөлігінің Ақтөбеге оралмайтыны қиындық туғызуда. Мәдениет майталмандары Ақтөбеде жас мамандарға арналып жатақхана салынса, мәселе шешілуі мүмкін деген ойда. 

Облыс әкімі бұл мәселелерді қосымша бағамдап, зерделеу керектігін алға тартты. Сондай-ақ мәдениет бағытындағы жобаларға барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.