Ақтөбеде «Еуразия тарихы мен мәдениеті аясындағы Арал-Каспий аймағы» атты ІІІ Халықаралық ғылыми конференциясы өтті

Ақтөбеде «Еуразия тарихы мен мәдениеті аясындағы Арал-Каспий аймағы» атты ІІІ Халықаралық ғылыми конференциясы өтті

 Конференцияға әлемнің 10 елінен, атап айтқанда Қазақстан, Әзірбайжан, Түркия, Франция, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолиядан жетекші тарихшылар, археологтар, этнологтар, өнертанушылар, мәдениеттанушылар және сарапшылар қатысты.

         Шара қонақтарының назарына Ақтөбе облысының аса көрнекті сәулет өнері ескерткіштері фотокөрмесі ұсынылды. Түрлі саладағы тақырыптар бойынша секциялық жұмыспен басталған екі күндік конференцияда шетелдік білікті 50 археолог-этнограф ғалымдар мен республикамызға танымал 30-ға жуық тарихшы-мәдениеттанушылар бас қосып, археология мен этнографиялық ортақ келелі мәселелерді көтерді.

ІІІ халықаралық ғылыми конференцияның екінші күні тарихи-этнографиялық, археология мен мәдениеттану саласындағы секциялар жұмысымен басталды.

«Үлкен Доңызтау – бірегей тарихи-мәдени аумақ және табиғи ареал» симпозиумы аясында «Доңызтаудың тарихи-мәдени және әлеуметтік-экономикалық маңыздылығы мен Ұлттық парк құру туралы» туралы баяндамасымен т.ғ.д., профессор Серік Әжіғали Ескендірұлы сөз сөйледі.

«Доңызтау-1» деректі фильмі көрсетіліп, «Доңызтау ұлттық паркін құрудағы өзекті мәселелер» айтылды. Сондай-ақ, профессор Серік Әжіғалидің мерейлі 70 жасына орай «Ұлы Дала және көршілес аймақтар: тарих, мәдениет, ескерткіштер» симпозиумы аясында ғалымның орасан зор еңбектері туралы айтылып өтіп, жиналған қонақтар құттықтау хаттары мен сыйлықтарын табыс етті. Өз кезегінде облыстық мәдениет басшысы А.Юнисқызы облыс әкімі Е.Тоғжановтың атынан алғыс хат табыстап, мерейлі жасымен құттықтады.

Конференция соңына қарай мәдениеттанушы, ақын-жырау Алмас Алматовтың жетекшілігімен этнографиялық концерттік бағдарлама қойылды. Көршілес Өзбекстан, Қарақалпақстан мен халқымыздың күйі шертіліп, дәстүрлі жыр-термелер шырқалды. Мәдениеті мен тарихы тамырлас елдердің ғалымдары бас қосқан конференция аясында өзара ынтымақтастық пен бірлікке бастайтын ортақ құндылықтар - тарихи-мәдени ой-санамыздың өсуіне, қарқынды дамуына үлес қосары сөзсіз.

         Конференция барысында жаңа далалық зерттеулердің нәтижелері жарияланып, Арал-Каспий өңірінің аумағын одан әрі жан-жақты зерттеудің тың міндеттер қойылды.