Ақтөбеде республикалық дәстүрлі «Әдебиет. Рух. Қоғам» әдеби форумы өтті

Ақтөбеде республикалық дәстүрлі «Әдебиет. Рух. Қоғам» әдеби форумы өтті

Ақтөбе өңірінде төртінші мәрте «Әдебиет. Рух. Қоғам» атты республикалық әдеби форум ұйымдастырылды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Мәңгілік ел» залында өткен әдебиет кешіне Илья Жақанов, Асанәлі Әшімов, Өмірзақ Озғанбаев, Жүрсін Ерман, Алтынбек Қоразбаев, Тынымбай Қарин, Бауыржан Жақып, Ақұштап Бақтыгереева және басқа да мәдениет қайраткерлері қатысты. Форум жұмысы алдымен Ақтөбе қаласындағы Абай ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Облыс басшылығы, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып бастаған қаламгерлер ұлы ақынның рухына тағзым етіп, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

         Бұдан әрі университеттің үлкен залында қаламгерлер бас қосқан шараны облыс әкімі Ералы Тоғжанов өзі бастап берді.
Форум жұмысын Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы, белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ертай Ашықбаев жүргізіп отырды.

         Шарада белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып сөз сөйлеп, еліміздің өзге өңірлерінде мұндай шаралар сирек өткізілетінін, бірнеше жылдан бері қазақ қаламгерлерін ұлықтап келе жатқан Ақтөбе өңірі бүгінде әдебиеттің алтын бесігіне айналғанын жеткізді.

         Шара барысында Ералы Тоғжанов әдеби байқау жеңімпаздарын арнайы номинациялармен марапаттап, әрқайсысына 1 миллион теңге ақшалай сыйақы және арнайы төсбелгі табыстады.

Сонымен, биыл Тахауи Ахтанов атындағы сыйлық — Сұлтанәлі Балғабаевқа, Қуандық Шаңғытбаев атындағы сыйлық — Жұмаш Кенебайға, Тобық Жармағамбетов атындағы сыйлық — Төлеміс Меңдіғалиевке, Үмбетбай Уайдин атындағы сыйлық — Көпен Әмірбекке, Ізтай Мәмбетов атындағы сыйлық — Бауыржан Бабажанұлына, Өтежан Нұрғалиев атындағы сыйлық — Алмас Сақбаевқа, Сағи Жиенбаев атындағы сыйлық — Сәтжан Дәрібайға, Қажығали Мұханбетқалиұлы атындағы сыйлық — Нұрдәулет Қабасовқа, Бәкір Тәжібаев атындағы сыйлық Әлихан Жақсылыққа берілді. Әрбір жүлдегерге 1 миллион теңге сыйақы берілді.

         Айта кетейік, ең жас номинат Әлихан Жақсылықов өз шәкіртақысына ақын Әділ Ботпанов туралы деректі фильм түсіретінін айтты. 
Сондай-ақ,  Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып Қазақстан Жазушылар Одағына қабылданған бір топ қаламгерге мүшелік билет табыс етті. Олардың қатарында ақтөбелік ақын-жазушылар Нұрлыбек Қалауов, Зияш Телеуова, Индира Кереева, Есенбек Жұмағалиев, Дәурен Тілеухандар бар.

         Екі күн ішінде Ақтөбеде бірқатар іс-шаралар өткізіліп, қатысушылар қоғамның рухани-адамгершілік дамуындағы әдебиеттің рөлін, көркем әдебиетті насихаттаудың өзекті мәселелерін, жас жазушылар мен ақындардың көтерген ұсыныстарын талқылады. 

         Форум аясында «Кітап фестивалі – 2022» балалар фестивалінің марапаттау рәсімі, Есет батыр Көкіұлының 355 жылдығына ғылыми-тәжірибелік конференция, республикалық «Еркіндік қанаты, шарықты!» ақындар айтысы, Алға ауданында Есет батыр Көкіұлының 355 жылдығына арналған кең көлемдегі мәдени іс-шаралар өтті. Сонымен қатар, ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті көсемі Сырым Датұлының 280 жылдығына арналған «Тар кезең» тарихи қойылымының премьерасы көрсетілді.