«КӨКЖАР» ЖӘРМЕҢКЕСІНЕ БИЫЛ 155 ЖЫЛ ТОЛДЫ

«КӨКЖАР» ЖӘРМЕҢКЕСІНЕ БИЫЛ 155 ЖЫЛ ТОЛДЫ

Көкжар жәрмеңкесі - Қазақстан аумағындағы ең ірі 13 жәрмеңкенің ішінде тауар айналымының көлемі бойынша 9-шы орынды иеленген тарихи орын. Батыс Қазақстанда халық өнері мен мәдениетін насихаттауға мол мүмкіндік туғызған орталық 1937 жылға дейін жұмыс жасап келген. Қазақстан бойынша 13 жәрмеңкеден ізі қалған, архитектурасы сақталып, жойылмаған жалғыз тарихи ескерткіш. Батыс Қазақстанда халық өнері мен мәдениетін насихаттауға мол мүмкіндік туғызған мәдениеттің ошағы.

24 - қыркүйек Ойыл ауданында “Ұлы жібек жолында: жаңғырған Көкжар жәрмеңкесі” мәдени іс-шарасы болып өтті. Шара барысында тарихи-мәдени маңызы бар құнды заттардан, ұлттық қолөнер шеберлерінің бұйымдарынан жасақталған көрмелер қойылды, халыққа ойын-сауықтық бағдарламалар ұсынылды. Сондай-ақ, Көкжар жәрмеңкесі өтіп келген көне ғимарат ішінде жергілікті азық-түлік өнімдері қойылды. "Едіге жыр мектебінің" шәкірттері жыр-термеден шашу шашып, жастардың өзара айтысы ұйымдастырылды.
Мерекелік шараны бір мезетте 50 домбырашы күймен ашты. Татар, өзбек, араб, орыс халықтарының саудагерлерін сомдаған өнерпаздар мерекенің сәнін арттыра түсті. Жәрмеңке аясында өткен аймақтық жыршылар фестиваліне тек Ақтөбеден ғана емес, көрші Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының да жыршы-дәстүрлі әншілері келіпті. «Алтыбақан аясында» концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, жиналған жұртшылықтың көңілін көтерді. Этноауылдағы көрініс көпшілікке сонау ХІХ ғасырға барып келгендей көңіл-күй сыйлады.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы А.Юнисқызы шараға белсенділікпен атсалысқан аудандық мәдениет қызметкерлерін алғыс хатпен марапаттады.