Ақтөбеде «Baqytty Вala-2022» халықаралық ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауы болып өтті

Ақтөбеде «Baqytty Вala-2022»  халықаралық ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауы болып өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасау қажеттігін айтып, 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын.  Осыған орай, 2022 жылдың 9-14 тамыз аралығында  «Baqytty Вala-2022»  халықаралық ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауы өтті. Әлемнің 8 елінен келген 10-16 жас аралығындағы  талантты 21 жасөспірім Ақтөбеде өнердің қара шаңырағы – «Өнер орталығында» Бас жүлде үшін сайысқа түсті.

       «Baqytty Bala» – Ақтөбе облысының брендіне айналған ерекше жоба. Байқау 2018 жылы облысымызда «Балалар жылы» деп жариялауына орай тұңғыш рет  өткізілді және жалғасын тауып ұйымдастырылып келеді.

        Байқауға қатысуға 2018 жылы 420, 2019 жылы 500-ден аса, 2021  жылы 180 өнерлі өрен ниет білдірді. Оның ішінде Қазақстан қалаларымен қатар, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Украина, Белорусь, Молдава, Түркия, Греция, Испания, Румыния, Польша, Канада мемлекеттері бар.

          Биылғы жылы аталмыш фестиваль-байқау «Димаш-Əли» шығармашылық орталығының бастамасымен, «Хабар» телеарнасы жəне Ақтөбе облысы əкімдігінің қолдауымен, мəдениет, архивтер жəне құжаттама басқармасы, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясының ұйымдастыруымен жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Іріктеу кезеңіне 200-ге жуық өтініш қабылданды.  Ресей, Өзбекстан, Түркия, Украина, Польша, Испания, Румыния, Әзірбайжан, Армения, Болгария, Африка мемлекеттерінен және еліміздің барлық қалаларынан сайысқа  қатысушы үміткерлердің өтініштері қабылданды. Қашықтықтан тыңдау нәтижесі бойынша 21 жеткіншек ақтық мәреге жолдама алды.

        Жас өнерпаздардың өнерін мәдениет саласының белгілі өкілдері,  ҚР еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы, профессор, Нұр-Сұлтан қаласындағы музыкалық жас көрермен театрының директоры және көркемдік жетекшісі Асхат Маемиров, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Ақтөбе облысының «Құрметті азаматы», ұстаз, Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының әншісі Марат Әйтімов, ҚР мәдениет қайраткері Қанат Айтбаев, «Шапағат» медалінің иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Славян базары-2021» халықаралық өнер фестивалінің гран-при иегері, Р.Бағланова атындағы мемлекеттік «Қазақконцерт» концерттік ұйымының әншісі Рухия Байдүкенова, Халықаралық байқаулардың лауреаты, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрінің Бас дирижеры Ернар Нұртазин бағалады.

       Қорытынды гала-концертте «Славян базары-2021» халықаралық өнер фестивалінің жеңімпазы Рухия Байдүкенова, «Baqytty bala-2018» халықаралық ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауының Бас жүлде иегері Нарқыз Жанұзақова,  «Baqytty bala-2019» ІІ халықаралық ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауының бас жүлде иегері Əйкерім Тілеубек, «Baqytty Bala-2021» ІІІ халықаралық ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауының Бас жүлде иегері Айлун Заушева және «Baqytty Bala-2021» байқауындағы Димаш Құдайбергеннің арнайы сыйлығының иегері Адель Құнаділова өнер көрсетті.

            Байқау ережесіне сәйкес, сайыс 2 кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде ұйымдастыру комитеті аудио, видео материалдар арқылы қашықтықтан тыңдау арқылы үздік орындаушыларды іріктеді. Финалға өткен қатысушылар екі шығарма-өз ана тілінде (немесе авторлық ән) және әлемдік хит орындады. Қазылар алқасының шешімі бойынша жас таланттардың жұлдызын жаққан «Baqytty Bala-2022» жас вокалистердің төртінші халықаралық ашық фестиваль-байқауының дипломанты мəртебесін Асылайым Болатқызы (Қазақстан, Қарағанды қ.), Амина Жапар (Қазақстан, Көкшетау қ.), Ясмин Аюпова (Қазақстан, Қостанай обл.), Камиля Сағымбай (Қазақстан, Алматы обл.), Сесил Алпер Сабри (Болгария), Кристина Мария Пантеа (Румыния), Давид Чарлин (Қазақстан, Алматы қ.) иеленді.

        ІІІ орын жəне 250 000 мың теңге сыйақыны Аяулым Сабыр (Қазақстан, Ақтөбе қ.), Юлия Макс (Қазақстан, Алматы қ.), Элен Бадалян (Армения), Ялкы Сака (Түркия),  ІІ орын және 500 000 теңге сыйақыны Милана Пак (Өзбекстан), Мелани Гарсье (Испания) иеленді. І орын және 700 000 мың  теңге сыйақыны Жанерке Абдрахманова (Қазақстан, Ақтөбе қ.) және Ульяна Зарва (Ресей) жеңіп алды.

        Байқау барысында бұдан өзге де арнайы сыйлықтар табысталды. Атап айтсақ, «Хабар» агенттігінің музыкалық продюсері Жан Мұқановтың «Артистік шеберлік» арнайы жүлдесі және 200 000 теңге сыйақы Юлианна Китоваға (Польша), «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Рухия Байдүкенованың «Үміт» арнайы жүлдесі және 100 000 теңге сыйақы Данияр Дүйсенбековке (Қазақстан, Өскемен қ.), ҚР еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаеваның «Өнер қарлығашы» арнайы жүлдесі Еңлік Байзахқа (Қазақстан, Шымкент қ.), ҚР мәдениет қайраткері Қанат Айтбаевтың «Дәстүрге адалдық» арнайы жүлдесі және 200 000 теңге сыйақы Шерхан Арыстанға (Қазақстан, Алматы обл.), «Dears» қауымдастығының арнайы жүлдесі және 170 000 теңге сыйақы Ақжарқын Айдосоваға (Қазақстан, Нұр-Сұлтан қ.), «Көрермен көзайымы» номинациясы және 100 000 теңге сыйақы Сағын Өмірбайұлына (Қазақстан, Шымкент қ.) бұйырды.

        Байқауға сонымен қатар, «Ақбөбек» білім беру орталығы,  «Энергия» фирмасы, «Динар-Электромаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі,  «Сарқыт», «Nomad Food» кешені демеушілік етті.

        Басты жаңалық, «Baqytty Вala-2022»  халықаралық ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауында, жобаның ақпараттық серіктесі «Хабар» телеарнасы ағымдағы жылдың 11 желтоқсан айында Ереван қаласында өтетін өтетін «Детское Евровидение» байқауында Қазақстан мемлекеті атынан өнер көрсететін қатысушыны анықтады. «Детское Евровидение» байқауында еліміздің намысын Чарлин Давид (Қазақстан, Алматы қ.) қорғайтын болады.

        Барлық қатысушы жас өнерпаздар қазақ музыкасын кәсіби тұрғыда күллі әлемге танытқан ұлы тұлға Ахмет Жұбанов туған  қасиетті мекеннен қуат алып, дүниеге Димашты сыйлаған жерден жігерленіп аттанды.