Ақтөбеде алғаш рет республикалық «Дауыс» вокалистер байқауы өтті

Ақтөбеде алғаш рет республикалық «Дауыс» вокалистер байқауы өтті

Музыка өнеріне ерекше үлес қосқан, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Марат Әйтімовтің ән мұрасы мен тәлім-тәрбиесін кеңінен насихаттау мақсатында республикалық «Дауыс» вокалистер байқауы өткізілді.

Республикамыздың түкпір-түкпірінен іріктелініп алынған 17 үміткер қатысқан байқау Ақтөбе облысының әкімдігінің қолдауымен, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен 1-2 шілде күндері «Өнер орталығында» өтті.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов – музыка саласында шәкірт тәрбиелеп өсірген, өзінің таланты мен кәсіби біліктілігін өскелең ұрпаққа арнаған ұстаз, кәсіби әнші. Ол әлемге танымал әнші Димаштың ұстазы!

Марат Олжабайұлы төрағалық еткен қазылар алқасының мүшелері - ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айтбаева Светлана Ермекқызы, ҚР мәдениет қайраткері Дәулетбақ Майра Тұрлыбекқызы, ҚР Мәдениет қайраткері Жақсыбаев Алдаберген Башбайұлы, ҚР мәдениет саласының үздігі Жұлдыз Нұрқасымова Мұхамбетжанқызы байқау қатысушыларын екі кезең бойынша тыңдап, таңдау жасады. Ал, «Дауыс» байқауының жеңімпаздары «Өнер орталығының» алаңында өткен Гала концертте марапатталды.

«Дауыс» вокалистер байқауының ең алғашқы бас жүлде иесі – Бекбергенов Азамат (Алматы қаласы) 500 000 теңге сыйақыға ие болды.

І орын – Жұмабаев Айдын (Нұр-Сұлтан қаласы) 200 000 теңге;

І орын – Омаров Нұртас (Ақтөбе қаласы) 200 000 теңге;

ІІ орын – Байжігіт Аян (Тараз қаласы) 150 000 теңге;

ІІ орын – Шәкір Әкімжан (Ақтөбе қаласы) 150 000 теңге;

ІІІ орын – Қадірбай Ілияс (Петропавл қаласы) 100 000 теңге;

ІІІ орын – Кәдірбаева Ақмарал (Атырау қаласы) 100 000 теңге сыйақыға ие болды. Сондай-ақ, байқауда италиялық «DEARS» фан клубының арнайы жүлдесі - 100 EURO – 50 000 теңге сыйақысымен бірнеше байқау қатысушылары марапатталды.

«Дауыс» республикалық вокалистер байқауы – Ақтөбе өңірінің маңдайалды бренд жобаларының бірі!