«Ақтөбенің ақпарат әлемі» газеттер мен музей қорындағы фотоаппараттар көрмесі

«Ақтөбенің ақпарат әлемі» газеттер мен музей қорындағы фотоаппараттар көрмесі

28 маусым — Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні мерекесіне арналған «Ақтөбенің ақпарат әлемі» атты облыстық газеттер және музейдің ғылыми архивіндегі газеттер мен музей қорындағы фотоаппараттар көрмесі өтті.

Музей тарихында ғана емес, Ақтөбе тарихында алғаш рет ұйымдастырылып өткізілген мерекелік көрме мақсаты — «Ақтөбе», «Актюбинский вестник», «Эврика», «Диапазон» газеттерінің және биыл облысымыздың 90 жылдығымен сәйкес келген «Шалқар» газетінің 90 жылдық тағылымды тарихын дәріптеп, музейдің ғылыми архивіндегі газеттер мен музей қорындағы фотоаппараттарды таныстыру.

Шараны Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисқызы ашып беріп, ел тарихының айтулы кезеңдері қатталған баспасөз саласының архивке айналған газеттері мен фотоаппарат құралдары музей төрінде алар орны ерекше екенін айтып өтті.

Сондай-ақ, шара барысында «Ақтөбе медиа» ЖШС директоры Раукен Сағызбайұлы «Ақтөбе» мен «Вестник Актобе» газеттерінің көне мұрағаттары мен құралдарын облыстық тарихи өлкетану музейіне әкеліп тапсыруды ұсынды. Өз кезегінде облыстық мәдениет басшысы А.Юнисқызы бұл ұсыныстың орынды екенін айтып өтіп, облыстың өсу мен қалыптасу тарихындағы орны ерекше басылымның архивіне айналған заттарды музей қорына қабылдайтынын жеткізді.

Шара барысында Р.Сағызбайұлы алғаш көрнекті көрмені ұйымдастыруға атсалысқан облыстық тарихи өлкетану музейінің қызметкерлеріне алғыс хат тапсырып, сый-сияпат жасады.

Шараға облыстық, республикалық телеарна тілшілері мен ардагер тілшілер қатысып, ыстық ықыласын білдірді.