Ақтөбеде 15 маусым Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың туған күні кеңінен аталып өтті

Ақтөбеде 15 маусым Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың туған күні кеңінен аталып өтті

15 маусым Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың туған күніне орай Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың мемориалды музейінің ұйымдастыруымен «Әлия - қаһармандық дастаны» атты салтанатты шара өтті.
Іс шара шымылдығын Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Б.Елеусінова ашып, Ә.Молдағұлованың жыл сайынғы дәстүрге айналған туған күніне арналған іс-шаралардың кең көлемде аталып өтіп жатқанын тілге тиек етті. Батырдың рухына тағзым етіп келген барша жұртшылыққа алғысын білдірді.

Шарада Әлия Молдағұлованың тумалары - нағашы ағасы Әбубәкір Молдағұловтың ұлы Сапар Молдағұлов пен Әлияның нағашы ағасы Бисембай Хабиевтың қызы Әрия Бисембайқызы сөз алып, батыр апаларының өмірінен аз кем сыр шертті.

Батыр есімін ұлықтау мақсатында жыл сайын Қобда ауданының Бұлақ ауылына велошеру өткізіліп келеді.Биыл да велошерушілер Ә.Молдағұлова ескерткішінен старт алып, Қобда ауданы Бұлақ ауылындағы Ә.Молдағұлова Музей-Үйіне және «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығына барды.

Шара барысында Ә. Молдағұлованың өмірі мен ерлігі туралы мәлімет беріліп, шақырылған қонақтар өскелең ұрпаққа жылы лебіздерін айтып, тілек білдірді. Ә. Молдағұлова мемориалды кешеніне гүл шоқтарын қойып, батырдың рухына тағзым етті.

Атап өту керек, батырдың туған күніне орай кеше АLIYA MOLDAGULOVA әуежайында Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың Ақтөбе облыстық мемориалды музейі «Қызғалдақ ғұмыр Әлия» атты патриоттық акциясын ұйымдастырды. Акция барысында жылжымалы көрме, өмір мен ерлік туралы экскурсиялар, ақпараттық-тақырыптық флаерлерді жолаушылар назарына ұсынылды.

Қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың туғанына 97 жыл толуына орай ұйымдастырылған мерекелік шаралар батырдың кіндік қаны тамған Бұлақ ауылында жалғасты. Ескерткіш жанына жиналған қонақтар батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Батырдың туған жеріндегі музей-Үйімен танысып, қолтаңбаларын қалдырды.


Қонақтар Әлия ауылындағы Әлия ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Қобда мәдениет Үйінде өткен «Батырлар рухы» патриоттық әндер сайысын тамашалады.

«Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығында кезекті «Айбын – 2022» әскери патриоттық байқауы ұйымдастырылды. Әскери-патриоттық байқауда Қобда ауданына қарасты 9 (тоғыз) мектептен құралған командалар алғашқы әскери дайындығы бойынша сайысқа түсті. Қыздар арасында «Мерген - Әлия» атты нысананы көздеп атудан сайыс ұйымдастырылды. Сондай-ақ, пейнтбол ойынына барлық командалар қатысты. Шараға белсене қатысқан оқушыларға диплом мен сыйлықтар табысталды.


Тағылымы мол шараға Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Қобда ауданы әкімшілігі, "Қос шынар" қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес, батырдың туыстары, ауған соғысының ардагерлері, тыл ардагерлері, қадірлі ақсақалдар, белсенді жастар, спортшылар, ауыл тұрғындары , т.б көптеген қонақтар қатысты.