Ақтөбеде «Ер Едіге» жыр мектебінің бір жылдығы атап өтілді

Ақтөбеде «Ер Едіге» жыр мектебінің бір жылдығы атап өтілді

5 мамыр күні  «Алақай» облыстық қуыршақ театрының сахнасында облыстық халық шығармашылығы орталығы жанынан ашылған «Ер Едіге» жыр мектебінің бір жылдығына орай «Сөз сөйлейін бөлмелеп...» атты жыр кеші өтті.

«Ер Едіге» жыр мектебі бір жыл бұрын облыстық халық шығармашылығы орталығынан ашылып, балаларды жыраулық өнерге баулу мақсатында тегін үйірме жұмысы іске қосылған болатын.

Бүгінгі таңда жыр мектебіне 7-17 жас аралығындағы 40-қа жуық жас жыршы қатысып жүр. Оқу ақысыз, талабы тас жарған кез келген өнерге ықыласты балаларды жырға баулып отыр. Сондай-ақ, «Ер Едіге» жыр мектебінің ұстаздары қаладағы #78 жалпы білім беретін мектеп-гимназиясы мен #60 орта мектебінде, Қазанғап атындағы балалар өнер мектебі мен Шығармашылық академиясында үйірмелер ашып, жұмысы жанданып келеді.

Жыр кешінде ұрпақтар сабақтастығының көрінісі ретінде аға, орта және жас буын өкілдері шығып, жыршы-жыраулар мен халық ақындарының мұрасынан  жырлады. Атап айтсақ, «Ер Едіге», «Қыз Жібек», халық ақыны Н.Байғаниннің «Нарқыз» жыр-дастандарын, Наурызбек жыраудың «Ал жігіттер, сал құлақ» термесін шырқады.

Кеш қонағы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, жыршы- термеші Айгүл Елшібаева арнау-толғауымен көптің көңілін көтерді.

Жыраулық өнерді дәріптеп, балалар мен жастарға үйретуде аталмыш мектеп оқытушыларының рөлі зор. «Ер Едіге» жыр мектебінің жетекшісі, белгілі жырау Әділбек Сарин бастаған, мәдениеттану ғылымдарының докторанты Есентүгел Әзи, фольклортанушы, Ғ.Құрманғалиевтің шәкірті Бөрібай Кәртен, ұстаз, жыршы-термеші Жеңіс Елемесов ұстаздық етеді.