"Азаттықтың ақ таңы" тарихи кешені ашылды

"Азаттықтың ақ таңы" тарихи кешені ашылды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай өңірімізде мәдени шаралар жалғасын тауып келеді. Бүгін Ақтөбе облысы әкімінің қолдауымен Тәуелсіздік жолында қайсарлықпен ерлік көрсетіп, аянбай тер төккен Алаш арыстарына арналған “АЗАТТЫҚТЫҢ АҚ ТАҢЫ” атты тарихи кешеннің ашылу салтанаты өтті. Азаттық жолында қаншама боздақтарымыз құрбан болғаны белгілі. Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың ағымдағы жылдың 5 қаңтарында жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында азаттық жолында құрбан болған Алаш қайраткерлерін еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек екендігі көрсетілген. Тарихи кешеннің Ақтөбе төрінде орын алуы олардың рухына тағзым етумен қатар , олар қалдырған мұраға адалдығымыздың дәлелі. Шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Темірбек Жүргенов пен Ұзақбай Құлымбетовтің ұрпақтары және өңірімізге белгілі қоғам қайраткерлері қатысты. Тарихи кешенде халқымыздың маңдай алды ұлдары, ұлтымыздың тәуелсіздікке қол жеткізуі жолында күрескен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Жаһанша Досмұхамедұлы, Мағжан Жұмабаев, Телжан Шонанов, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Мұхамеджан Тынышбаевтың барельефт бейнелері орналастырылды. Жобаның авторы – мүсінші Жеңіс Жұбанқосов. Ақ мәрмәрмен қапталған, қабырғасы рельефтік композицияның биіктігі - 5 м, ұзындығы – 7 м. Тарихи кешен Ә.Молдағұлова мен Тәуелсіздік даңғылдарының қиылысында орналасқан.