"Кітапхана түні - 2021" мәдени шарасы өтті

"Кітапхана түні - 2021" мәдени шарасы өтті

29 қазан күні 18.00-23.00 аралығында Егемендігіміздің 30 жылдық мерейтойына орай Ақтөбе облысы бойынша бір уақытта барлық облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық кітапханаларда «Кітапхана түні - 2021» әлеуметтік-мәдени шарасы өткізілді. Шараның  негізгі мақсаты - ел Тәуелсіздігін дәріптеу, кітапхана ісін дамыту, кәсіби ынтымақтастық құрылымдарда қоғаммен байланыс жасау, сонымен қатар оқуды насихаттау және бос уақытты мазмұнды өткізуде жаңашылдыққа іздену. С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен «Кітапхана түні - 2021» шарасы «Тәуелсіздікке тарту» атты мерекелік кешпен басталды. Кітап оқуды насихаттау, адам­гершілік тәрбие мен рухани байлық, әлемді тану мен білімге жетелейтін орта – кітап­ханаға келуді қоғамның руха­ни дәстүріне айналдыруды мақсат еткен басқосуға қаланың шығармашылық және зиялы қауымы, Димаш  фан -клуб мүшелері, жастар театрының ұжымы, өңірімізге белгілі кәсіпкерлер, сонымен қатар,жас ақындар, оқытушылар, кітапханашылар мен студенттер қатысты. Бұл күні кітапхананың  қонақтары  кітапханада бұрын бола бермейтін мүмкіндіктерге қол жеткізді. Кітап, газет-журналдар, қылқалам шеберлері көрмесінің, жергілікті ақын-жазушылармен кездесудің, шеберлік сағаттарының, интеллектуалдық алаңдағы түрлі викториналық ойындардың,оқырмандар сайысының, мерекелік концерттік бағдарламаның, тақырыптық ойын-сауық кешінің, театрландырылған көріністердің куәсі болды.Оқырмандар түн ауғанша кітапхананы  емін-еркін аралап, кітапханашылар дайындаған түрлі тосын сыйларды көрді. Шара қонақтары мен оқырмандар кітапхананың «Ақындар жырлайды» әдеби кешін,«GREEN FEST» қолөнершілердің жәрмеңкесін, «Рухнама» шығармашылық орталығы жастарының қатысуыменөтетін «Тәуелсіздік тірегі - жастар» әдеби музыкалық кешін, «Тәуелсіздік - бар бақыттың бастауы» атты мерекелік кешін, «Тапқырлар әлемі» интеллектуалды алаңындағы ойындарды, «Travel to Galaxy» тақырыптық ойын - сауық бағдарламасын, «Тәуелсіз елдің мерзімді басылымдары» атты тақырыптық кешін,ақын Константин Деркаченконың шығармашылығына арналған«Явилась ночь к нам книжным звездопадом» атты әдеби композициясын, «Өнерлі елдің өресі биік» оқырмандар сайысын, «Әдеби шығармалар әлемі» танымдық ойынын,  «Заман ағымындағы әдебиет» тақырыбында тәуелсіздік мерейтойына орай кітап көрмесін тамашалады. Ал Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасында «Кітапхана түні» аясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Kitapland Travel» квест, «ZEREK BALA» әдеби баттл өткізілді. Шараның  мақсаты: балалар әдебиетін насихаттау; балалардың рухани мәдениетін байытып, туған елі мен жерін қастерлеуге тәрбиелеу, білімге құштарлығын арттыру. «Kitapland Travel» квест шартына сәйкес жеті баладан құралған үш топ 5 негізгі кедергілерден өтті. «Табалдырық» кедергісінен бастаған балалар ақын-жазушылардың шығармаларын жинақтап, әдебиет саласы бойынша білімдерін сынады. «Әудем жерде» оқырмандар  берілген шарлардың ішінде жасырылған сиқырлы даталар бойынша Тәуелсіз еліміздің тарихына шолу жасады. «Қозы көшке» келіп, жас партиоттар еліміздің көрікті жерлері бейнеленген пазлдар құрастырды. «Бел асарда» Ақтөбе қаласының ескерткіштеріне танымдық саяхат жасаса, «Жолайрықта» балалар сөзжұмбақ шешті. «ZEREK BALA» әдеби баттлында топ басшылары арасында әдеби сайыс ұйымдастырылып, нәтижесінде көп жұлдызша жинаған Үзембай Ерасыл «ZEREK BALA» атағына иеленді. Квест балалардың қарым-қатынасының дамуына ықпал ететін көптеген жағымды және қуанышты эмоциялар туғызды, есте сақтау, назар аудару, зейінділік, логикалық ойлау икемділіктерін дамытуға да мүмкіндік берді.