«Baqytty Bala 2021» ІІІ ашық балалар вокалдық фестивалі

«Baqytty Bala 2021» ІІІ ашық балалар вокалдық фестивалі

     2021 жылдың 7-11 тамыз аралығында Ақтөбе қаласында  жас таланттардың жұлдызын жаққан «Baqytty bala-2021» ІІІ ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауы өтті. Əлемнің 6 елінен келген 10-16 жас аралығындағы талантты 19 жасөспірім  сайысқа түсті. Іріктеу кезеңіне Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Украина, Польша, Испания, Румыния, Греция, Ливан, Беларусь, Əзірбайжан, Болгария мемлекеттерінен жəне еліміздің барлық қалаларынан  сайысқа қатысуға ниет білдірген 180  үміткердің өтініші қабылданды. Жас өнерпаздардың өнерін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Ақтөбе облысының «Құрметті азаматы», Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының әншісі Марат Әйтімов,  эстетика ғылымдарының докторы, вокалды ұстаздар мен продюсерлердің Болгар ассоциациясы басқармасының мүшесі, «Спектр» ҚҚ төрағасы, журналист Николай Текелиев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының әншісі  Светлана Айтбаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің  иегері, әнші Клара Төленбаева, халықаралық байқаулардың лауреаты Сильвия  Андрианалариманга бағалады. Халықаралық фестиваль 2 кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде ұйымдастыру комитеті өтініш берген қатысушылардың өнерлерін аудио, видео материалдар арқылы қашықтықтан тыңдап үздік орындаушыларды іріктеді. Финалға өткен 19 қатысушы өз ана тілінде (немесе авторлық əн) жəне əлемдік хит орындады. Қазылар алқасының шешімі гала концертте жарияланды. Қорытынды гала-концертте «Славян базары-2021» халықаралық өнер фестивалінің жеңімпазы Рухия Байдүкенова, (Нұр-Сұлтан қ.), «Junior Eurovision 2020» халықаралық əн байқауының жүлделі орын иегері Қарақат Башанова (Нұр- Сұлтан қ.), «Baqytty bala-2019» ІІ ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауының бас жүлде иегері Əйгерім Тілеубек (Нұр-Сұлтан қ.) жəне «Baqytty bala-2018» ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауының бас жүлде иегерлері Ержан Максим (Нұр- Сұлтан қ.) мен Нарқыз Жанұзақова (Ақтөбе қ.), халықаралық байқаулардың лауреаты Сильвия  Андрианалариманга өнер көрсетті.          «Baqytty bala-2021» ашық балалар вокалдық фестивальінің бас жүлдесін Тараздық Айлун Заушева жеңіп алды. (1 млн теңге) Жүлделі І орынды Елизабет Захариева (Болгария) мен Адель Қунадилова (Нұр-Сұлтан қ., Қазақстан) иеленді. (500 мың теңгеден) Қызылордалық Армен Саакян мен Мәскеуден келген Милана Пономоренкоға фестивалдің жүлделі ІІ орыны табысталды. (350 мың теңгеден) Ал ІІІ орын иегерлері болып Нұр-Сұлтандық Есет Алжан мен Камила Ғазизқызы, Азербайджандық Искандер Гасанзаде атанды. (250 мың теңгеден)   «Baqytty Bala 2021» байқауындағы ең қалаулы марапат Димаш Құдайбергеннің сыйлығы. Оған Нұр-Сұлтаннан келген жас өнерпаз Адель Кунадилова әлем мойындаған әншімен бір сахнада ән салу мүмкіндігіне ие болды. Бұдан өзге барлық қатысушыларға арнайы жүлделер тағайындалды. Атап айтар болсақ, 11 балаға 100 мың теңгеден ақшалай сыйлық, композитор Ұлықпан Жолдасовтың авторлық əні, «Славян базары» фестивалінің бас жүлде иегері Рухия Байдүкенованың және Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлерінің атынан 100 мың теңгелік ақшалай сыйлығы, «ДимашАли» шығармашылық орталығының саундпродюсері Ерлан Бекчуриннен арнайы сыйлық, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тарапынан «Астана Опера» студиясында тегін ән жазу, бейнебаян жазу, дарынды балаларға арналған мектепте оқу сол секілді т.б сыйлықтар табысталды.