НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНДА ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНДА ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

        2021 жылғы 22 қаңтар күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ака­­де­миялық кітапханада Ақ­төбе облысының әкімдігі ұйым­­­дас­тырған «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірі­нің жыры» атты ғылыми-прак­ти­­ка­­лық конференция өтті.

Конференцияда «Едіге» тұлғасының түркі әле­­­мін­дегі орны мен маңызы тал­қыланды.

Мақсаты - Қастерлі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай тарихымызды дәріптеу, батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым ету, ұлы тұлғаларымызды ұрпақ есінде қалдыру,төл өнерімізді өрістете отырып, түркі халықтарына ортақ тарихи тұлғаның есімін ұлықтауға және ортақ мұра — «Едіге батыр» эпосының ұлттық фольклордағы, рухани дамуындағы рөлі, жалпы түркі руханиятында алар орнын дәріптеу.

Айтулы шараны Ақтөбе об­лысы әкімінің орынбасары Мей­рамбек Шермағанбет жүргізді.

Конференцияның жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутат­тары, Мәдениет және спорт вице-министрі, мемлекет пен қоғам қайраткерлері, мемлекеттік орган­дар­дың, белгілі ғалымдар мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, ақын-жазушылар, атақты жыршы-жырауларымыз, өлкетанушылар, Нұр-Сұлтан қаласында еңбек етіп  жатқан ақтөбелік жерлестер, «Едіге», «Қазақ эпос» қоғамдық қорларының және БАҚ өкілдері қатысты. Олар алма-кезек лебіз білдіріп, тек эпос қана емес, жал­пы, Едіге би тұлғасының зерт­телуі мен ұлықталуы, қазақ ға­лым­дарының едігетануға қосқан үлесі төңірегінде әңгіме өрбітті. Сондай-ақ алыс-жақын шетелдік ғалымдардың баяндамалары тыңдалды.

Жиында алғашқы сөз Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешевке берілді. Едіге батырдың өмірі мен ерлік жолдары қазаққа ғана емес, исі түркі халықтарына ортақ мұра екендігін атап өтті.

-Елбасымыздың «Рухани жаң­­ғыру» бағдарламасы аясында жарық көріп отырған «Ер Еді­­ге» — Ноғайлы дәуірінің жыры» музыкалық альбомының жа­рық көруі – ұлттық музыка та­рихындағы елеулі оқиға. «Ер Едіге» — Ноғайлы дәуірінің жыры» му­зыкалық жинағы бүгінгі жә­не болашақ ұрпақты жаңа ізде­ніске бастап, алдағы уақытта да өз жалғасын табарына сенім біл­діремін. Осы орайда аталмыш шараны іске асырып, қол­дау көрсеткені үшін Ақтөбе облы­сының әкімі Оңдасын Сейілұлына Мәдениет және спорт министрлігі атынан ерекше алғыс айтқым ке­леді» -, деді вице-министр.

Өз кезегінде «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті АҚ басқарма төрағасы, Халықаралық Түркі академиясының президентіДархан Қыдырәлі бүгінгі шара­ның Тәуелсіздік мерекесіне арна­луының маңызы зор екенін тілге тиек етті.

Сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатының депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Құл-Мұхаммедтің және У.Әлиев атындағы Қарашай-Шеркес мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Нәсіпхан Суюнованың тұшымды ойлары мен пікірлері бейнетаспаға жазылып, тыңдалды.

С.Бәйішев университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, едігетанушы Жұманазар Асаносы жиында Едіге би – тарих­та болған адам. Батыр тұлғасын зерттеу, зерделеу және насихаттау, әсіресе, жас ұрпаққа кеңінен таныстыру үшін, нақты жұмыстар қолға алынуы керектігін айтып өтті.

Конференция соңында белгілі жыршы, ҚР мәдениет қайраткері Қоныс Жүсіпов «Барақ батыр» жырынан үзінді жырлады.

Музыкалық альбомның 90 данасы елордалық кітапхана, музейлер мен жоғарғы оқу орындарына таратылды.