«БІЗ ЖАС ҰРПАҚҚА ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҒЫЛЫМЫН НАСИХАТТАУДЫ ЖАЛҒАСТЫРА БЕРЕМІЗ» – МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ АҚТОТЫ РАЙЫМҚҰЛОВА

«БІЗ ЖАС ҰРПАҚҚА ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҒЫЛЫМЫН НАСИХАТТАУДЫ ЖАЛҒАСТЫРА БЕРЕМІЗ» – МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ АҚТОТЫ РАЙЫМҚҰЛОВА

    6 қаңтар күні Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин бірқатар мәдениет, архив нысандарын аралап, Мәртөк ауданына барып, сала қызметкерлерінің қатысуымен кездесу өткізді.

   Мәдениет және спорт министрінің Ақтөбеге сапары «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша күрделі жөндеуден өткен облыстық мемлекеттік архивтің жұмысымен танысудан басталды. Бұл жоба аясында 66 жаңа жұмыс орны ашылып, оның 33-іне Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыс берілді. Күрделі жөндеу жұмыстары кезінде отандық өндірушілердің материалдары пайдаланылған. Министрге бұл жерде архив құжаттарын сақтау, болашақ ұрпаққа түпнұсқалық негізде жеткізу, қолжетімділігін арттыруға бағытталған цифрландыру жұмысының үлгілері көрсетілді. Атап айтсақ, планетарлық кәсіби үлгідегі А-2 сканер аппараттары және барлық аудандық архивтер қамтылған планшеттік мобильді А-3 сандық құрылғысы.

       Мұнан кейін Ақтоты Райымқұлова күрделі жөндеуден өткен Мәртөк аудандық мәдениет үйіне барды. Онда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асуына арналған кітап көрмелерімен, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауда бірегей туындыларымен белгілі қолөнер шебері Ерқосай Әбілов бастап, ағаш шебері Еділбай Ұзақбаев қоштаған өнерлі жандардың көрмесін тамашалады.

  Сондай-ақ қонақтарды Мәдениет үйінің жұмысымен таныстыру барысында ауданның мәдени-демалыс мекемелеріндегі клубтық құрылымдардың жұмысымен жақынырақ танысып, олардың жетекшілері және мүшелерімен сөйлесіп, жас өнерпаздардың шығармашылығына тәнті болды.

         Мәдениет және спорт министрі мұнан соң облыстық тарихи құндылықтар сақталған, тарихи-өлкетану музейіне барды. Музей директоры Мейрам Дүйсенғали Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының мамандарымен бірлескен бірнеше бағыттар бойынша зерттеулерге тоқталып, соның ішінде өткен жылы Темір ауданындағы Тасқопа қорғанынан алтын киімді сармат көсемінің қабірі табылғанын айтып өтті. Археолог мамандар тарапынан бұл үлкен жаңалық ретінде бағаланған болатын. Қорғаннан табылған алтын әшекейлі киімнің қалдықтарын зерттеу, қалпына келтіру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде де мәлімдеді.

      Сапар соңында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова сала қызметкерлерімен кездесті. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мазмұнды мақаласына тоқталып өтті.

   Министр "Ақтөбе – 150 жылдық тарихы бар, қазақ елінің батысындағы геосаяси, экономикалық және стратегиялық маңызы зор, жер қойнауы өте бай, экономикалық әлеуеті зор өңір. Сонымен қатар өңірде тарихи-мәдени ескерткіштер көп. Ақтөбелік қаламгерлер мен ақындар ел руханиятын байытуға өлшеусіз үлес қосып жатыр. Өнеркәсібі өркендеп, қарқынды дамып жатқан қала өңірлік ынтымақтастықтың, логистикалық хабтың, білікті мамандар шоғырын даярлайтын орталыққа айналып келеді" - деп қорытындылады.

   Кездесу барысында А.Райымқұлова өңір мәдениетін, спортын жандандыруға атсалысып келе жатқан бірқатар азаматтарға Министрліктің наградаларын табыстады.