Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театрының 35 жылдық мерейтойы

Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театрының 35 жылдық мерейтойы

29 қараша алғаш негізі 1989 жылы қаланған Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театрының 35 жылдық мерейтойы болып өтті.  Бұл іс-шараға сақтық талаптарына сай облыстың мәдениет саласы өкілдерінің арнайы шақыртылған қонақтары ғана қатысты.

Мерейтойлық іс-шараның шымылдығын Ақтөбе облысы әкімі атынан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Юнисова Алтынай Юнисқызы ашып берді. Және театрдың бірқатар қызметкерлері облыс әкімі атынан, мәдениет басқармасы атынан мерейтойлық алғысхаттармен марапатталды.

Сонымен қатар, облыстық мәслихат, облыстық білім басқармасы, кәсіподақ ұйымы өкілдері сөз алып, театрды мерейтойымен құттықтап, алғысхаттар табыстады.

Театр әртістері, қызметкерлері мерейтойлық іс-шарада "Алақай" театрының тарихымен өрілген өмір жолдарын, театр ғимараттары, алғашқы рөлдері, гастрольдік сапарлардағы, фестивальдердегі қызықты оқиғаларын баяндап, спектакльдердегі әндерді шырқап, театр өміріне қатысты қызықты сұрақтарға жауап беріп, кеш жүргізушісімен сұхбаттасты.
Қазақстанның және алыс-жақын шетелдік әріптестерінің видеоқұттықтаулары жолданды.

Мерейтой соңында «Алақай» театрының алғашқы директорлары Қадыр Анқапов және Назира Табелдинова сөз алып, жылы лебідерін білдірді.

Театрдың 35 жылдығына бірнеше іс-шаралар өтті. Соның бірі «Театр және мен» атты онлайн балалар сурет байқауы еді. Қараша айының 1-інен бастап өткізілген байқау шарты бойынша балалар театрды өз көздерімен қалай көретінін салу тиіс болатын. Өз жұмыстарын ұсынған балалар театр қойылымдарын, театр әртістерін және өз қиялдарындағы «Алақай» театрын салып, барлығы 30 жұмыс ұсынды. Бұл жұмыстар театрдың әлеуметтік желілеріне орналастырып, көрермендер бағасы ие болды. Барлық қатысушылар дипломдармен марапатталып, ал «Жас суретші», «Көрермен көзайы» номинациясына ие болған бүлдіршіндер арнайы сыйлықтармен марапатталды. Жүлделі орындарға ие болған байқау қатысушылары театр спектакльдеріне бір айлық абонементке ие болды.

Бұған қоса, «Алақай» театры «35 қайырымды іс» акциясын бастады. Бұл акция аз қамтылған, көру, есту мүмкіндігі бұзылған балаларға және т.б. көрермендерге қайырымдылық спектакльдерін көрсетіп, демеушілердің көмегімен сыйлықтар табысталатын болады. Аталған акция театрдың келесі жыл бойы жалғасын таппақ.