Ақтөбеде «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» музыкалық альбомы жарық көрді

Ақтөбеде «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» музыкалық альбомы жарық көрді

Ер Едіге батырдың есімін ұлықтауға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес 2020 жылғы 26 қарашада Ақтөбе қаласында  «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» тақырыбымен өткен  халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда  жыр альбомының тұсаукесері өтті.

“Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар” бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылған шараның мақсаты - түркітектес байырғы көшпен­ділер жасаған Қазақстанның мә­де­ни мұраларының бірі, қазақ хал­қының жыр­шылық өнері­не арқау болған қазақ­қа ғана емес, исі түркі халықтарына ортақ мұра «Еді­ге» тарихи-қаһармандық эпо­сы­­ның басты кейіпкері ер Едіге батыр­дың өмірі мен ерлік жолдарын насихаттау, жас ұрпақты халықтың жырларымен сусындатып, қадір-қа­сиетін арт­тырып, көп жанрлы дәс­түрлі өнерімізбен таныстырып, тәр­биелеу.

Осы орайда Ақтөбе облысында Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Дала музы­касы мен фольклорының мың­жылдығы» жобасы негізінде қазақ халқының тарихы мен әдебиетінің мәдени мұраларын зерттеп, зерделеп, жинақтау мақсатында кешенді бағдарламалар қолға алынып, жүзе­ге асырылуда.

«Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» музыкалық альбомының тұсаукесер рәсіміне арналған іс-шаралар Едіге батырдың ескерткішіне тағзым етуден басталды. Шараға Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров, қонақтар, БАҚ өкілдері қатысты.

Шарада Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров сөз сөйлеп, «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» музыкалық антологиясының тұсаукесер рәсіміне арналған іс-шараларына келген қонақтарға алғысын білдірді.

Сонымен қатар  Едіге бабамыздың рухына тағзым етіліп, батырдың ескерткіші алдына гүл шоқтарын қою рәсімі жасалды.

Одан кейінгі халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның жұмысына Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, жырау Алмасбек Алматов, “Едіге батырды ” жырлаған жырау Қайролла Иманғалиевтің ұрпағы Нуридден Қайроллаев,  онлайн режимде Нұр-Сұлтан қаласынан ҚР  Парламенті Сенатының депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Құл- Мұхаммед, Германиядан  шығыстанушы, түркі халықтарының қаһармандық эпосын зерттеуші, профессор Карл Райхл, РФ У.Алиев атындағы Қарашай-Шеркес мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Насипхан Суюнова, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, тарихшы, драматург, профессор Әнес Сарай қатысты.

Шара барысында Сақтаған Бәйішев  университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, едігетанушы  Жұманазар Асан және композитор, ҚР мәдениет саласының үздігі Орал-Қосай Байсеңгірдің дайындаған Едіге батыр туралы деректі фильмі көрсетілді.

Конференцияны облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет жүргізіп, сөз кезегін Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жалғастырып, жиналғандарға жылы лебізін білдірді.

- Халықты жаудан қорғаған аяулы азаматтар есімдерін ұлықтап, батырлар рухына тағзым ету арқылы, ерлік пен біртұтас Алаш елінің жарқын болашағы жолында елім деп еміренген ерлерінің қадірін білгенде ғана біздің тәуелсіздігіміз баянды болмақ. 

Сондықтан тәуелсіздік жылдары қол жеткізген толағай табыстарымызды енді тарихи, мәдени-рухани бағыттағы жұмыстармен ұштастыруымыз қажет екені сөзсіз. Соның бір дәлелі — Едіге батырды жаңа Қазақстанның тарихи сахнасына шығару болды. Едіге батыр – тарихи тұлға. Осы орайда орта ғасырдағы айбынды мемлекетіміз Алтын Орданың 750 жылдығына тұспа-тұс келіп отырған бүгінгі  шараның да орны ерекш, - деп атап өтті өңір басшысы. 

Басқосу барысында орын алған маңызды оқиға – «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» музыкалық альбомының тұсаукесері болды.

2019 жылдан бері облыс әкім­дігінің қолдауымен, облыс­тық мәдениет, архивтер және құ­жат­тама басқармасының бас­шы­­лығымен облыстық халық шы­ғар­машылығы орталығы «Еді­ге» тарихи-қаһармандық эпо­сы­­ның басты кейіпкері «Ер Еді­ге – Ноғайлы дәуірінің жыры­ атты музыкалық даста­нын елі­міз­дің әр өңірінен шық­қан 42 жыр­шы-жыраулардың орындауында ды­быс­тық жазбаға (СD-диск) тү­сі­ру жұмысарын қолға алған болатын.

Өз кезегінде музыкалық дастан­ның басы-қасында Қазақстанның жетекші ғалымдары, Сыр сүлей­лерінің сарқыты, жыршы-тер­ме­ші, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Алмас Алматов жетек­шілік еткен белгілі өлкетану­шы­лар, этнографтар, музыка зерт­теу­ші­лері қатыстырылған бұл бас­­­тама бүгінде өзіндік маз­мұны жағынан еліміздің әр өңірі­нің жыр­шы-жырауларының орын­дауын­дағы атақты Мұрын жырау Сеңгірбайұлы жырлаған «Қы­рым­ның қырық батыры», ха­лық ақыны Нұрпейіс Байғанин жыр­лаған «Қарасай-Қази», Нұр­туған Кенжеғұлұлы жырлаған «Мәу­лімнияз», «Едіге», «Орақ-Мамай», «Қара­сай-Қази» секілді ел арасында кеңінен жырланып жүрген көлем­ді дастандармен де ерекше байытылып отыр.

500 данамен жа­рыққа шыққан музыкалық альбом екі бөліктен тұрады. Ұлттық нақыш­­тармен безендірілген бірін­ші кітапта «Қырымның қырық батыры» және «Едіге батыр» туралы тарихи мәлімет, жырды бізге жет­кізген жыраулар, еліміздің әр өңірінен сол мұраларды жыр­ла­ған жыршы-жыраулардың өмір­баяндары, қазақ, орыс және ағыл­шын тілінде берілсе, келесі кітап­шаның ішінде жыр жазылған 10 диск орналасқан.

Түркітектес байырғы көшпен­ділер жасаған Қазақстанның мә­де­ни мұраларының бірі, қазақ хал­қының жыр­шылық өнері­не ар­налған бұл құн­ды дүние ата-баба­мыздың ру­хани құндылықтарын қайта жаң­ғыртып, жас ұрпақты халықтың тарихи-қаһармандық жырларымен сусындатып, қадір-қа­сиетін арт­тырып, көп жанрлы дәс­түрлі мол мұрамызбен тәр­биелеу­ге бағыт­талған.

Конференцияны қорытындылай келе, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин алдағы  уақытта да Едіге батыр мен оның ұрпақтарына қатысты зерттеулер мен игі шаралар жүйелі түрде іске асырылатынын жеткізді.

Музы­калық дастан жыр қадірін білетін қалың көрермен үшін тең­десі жоқ дүние. Қазақ бар жерде жыршылық өнер өлмейді, мәңгі жасай береді.

Конференция материалдары жақын арада жинақ ретінде жарияланып, облыстың мәдени-демалыс мекемелеріне таратылады.

Жиыннан кейін Ақтөбедегі Қоғамдық келісім ғимаратында «Едіге деген ер екен» атты жыр кеші өтті. Оны атақты жырау, профессор Алмас Алматов жүргізді. Кеште белгілі дәстүрлі өнер өкілдері — Феруза Нарман, Фархат Оразов, Демеубай Жолымбетов, «Дарын» сыйлығының иегері Күнсұлу Түрікпен, Феруза Оңталап, Нұрбек Сансызбаевтар Ноғайлы дәуірі жырларынан үзінділерді жырлап, көрермендердің жанын жадыра­тып, көңілдерін көтеріп, жыр-тер­мелерін төкті.

Кеш соңында Алмас Алматов бастаған жыршыларға облыс әкімінің Алғыс хаты, «Ер Едіге» қоғамдық қорының төсбелгісі, музыкальық альбом табысталып, сый-сияпат көрсетілді.