
Сәуір айының соңы Ақтөбелік мәдениет жанашырлары үшін айтулы жаңалықпен түйінделмек. 24 сәуір күні сағат 19:00-де шаһардағы өнердің қара шаңырағы саналатын «Өнер орталығында» еліміздің музыкалық символына айналған Б. Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының концерті өтеді. Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының мақтанышы саналатын ұжым Ақтөбе жұртшылығы үшін арнайы гастрольдік сапармен келе жатыр.
1935 жылы іргетасы қаланған ұжым қазақ хор мектебінің қалыптасуына тікелей ықпал еткен. Аты аңызға айналған Бақытжан Байқадамов, Латиф Хамиди және Анатолий Молодов сынды тұлғалардың ізі қалған капелла бүгінде жаңаша қарқынмен дамып келеді. Ұжымның көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Бейімбет Демеуов.
Бағдарламаның басты ерекшелігі – жанрлық алуандығында. Капелла әртістері классикалық қатаң қағидаларды заманауи трендтермен ұштастыра отырып, тыңдарманды таңқалдыруды көздеп отыр. Көрермендер сахнадан Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әні мен Ақан серінің «Маңмаңгерін» жаңаша хор өңдеуінде тыңдап, қазақ мәдениетінің тереңіне бойлайды. Сонымен қатар, Сергей Рахманиновтың рухани туындылары мен Орландо Лассоның әйгілі «Эхо» шығармасы академиялық музыканың асқақтығын паш етпек.
Алайда, бағдарламаның ең қызықты тұсы – әлемдік рок және поп музыка хиттерінің хормен орындалуы болмақ. «Queen» тобының күрделі «Богемная рапсодиясы» мен «Beatles» тобының лирикалық «Yesterday» туындысы жанды дауыстың құдіретімен жаңаша реңк алады. Мұндай эксперимент хор өнерінің тек академиялық қана емес, кез келген заманауи бағытты бағындыра алатынын дәлелдемек.