«Қаламгерлер әлемі» әдеби кеші

«Қаламгерлер әлемі» әдеби кеші

26 қазан күні С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының мәжіліс залында Ақжайықтың «Ақ шағаласы» атанған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгерееваның және «Дарын» мемлекеттік Жастар сыйлығының иегері, жас ақын Олжас Қасымовтың қатысуымен «Қаламгерлер әлемі» атты әдеби кеші өтті. Әдеби кешті ақын, кітапхана қызметкері Талғат Тілеулесов жүргізді. Шараға ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Құрманбек, ақын Нұрлыбек Қалауов, Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова және кітапхана қызметкерлері, поэзияны жаны сүйетін, әсемдікке жаны  құмар жандар  қатысты. Ақын Ақұштап Бақтыгереева өмір мектебінде кездесетін өзекті мәселелерді қозғап, өлең сүйер қауымды бір серпілтіп тастады. Әсіресе, бүгінгі аналардың ұлт болашағы болып саналатын қыз тәрбиесіне ерекше ден қойып қарауын айта отырып, алаңдаушылық білдірді. Ақынның айтуы бойынша қыз баласы өзіне тән нәзіктікті, биязылықты, тазалықты ешқашан лайламауы керек. Сонау заманнан келе жатқан тектілік пен қайсарлықты бойына жинаған қазақ қыздарының ізін жалғайтын, ұлтымыздың қанын сақтап қалатын нағыз «қазақ қызы» деген атқа лайық болу керектігін жеткізді. Ақұштап Бақтыгереева өзінің аяулы анасына деген сағынышын өлең жолдарымен жеткізе отырып, асыл аналарды қастерлей білуге, жүректеріне сызат түсірмеуге шақырды. Ақын адам өміріне азық боларлық дүниелерді айта отырып, өз шығармашылығынан сырға толы өлеңдерін оқыды. Жас ақын Олжас Қасымов Ақтөбе жеріне алғаш рет келгенінде дәл осындай әдемі, әсерлі кеште жолыққанына ризашылығын білдіре отырып, көрермендерге өлең жолдарын тарту етті.