
Мәдениет
«Киіміне қарап қарсы алып, ақылына қарап шығарып салады» дейді. Расында, киім — ішкі болмыстың, дүниетанымның, тіпті адамның қызметтік мәдениетінің айғағы.
Әсіресе мемлекеттік қызмет пен руханият тоғысқан мәдениет саласында сыртқы келбет жауапкершілік пен ұлтқа деген құрметтің көрінісі ретінде қабылданады. Бүгінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қызметкерлері осындай мазмұнға құрылған ресми киім үлгісін тұрақты түрде киіп келеді. Көк түсті кеудеше мен ақ жейде үйлесімі кездескен жанның назарын еріксіз аударады.
Кеудеше өңіріне қошқар мүйіз оюы бедерленген. Қазақы танымда қошқар мүйіз — өміршеңдіктің, күш-қуаттың, береке мен бірліктің символы. Ал ұлттық кодтың осы өрнек арқылы ресми киімге енуі — тамырдан ажырамаған сана мен терең пайымның белгісі, «біз кімбіз?» деген сұраққа берілген жауап.
Біздіңше, мұндай киім үлгісі қызмет пен халық арасындағы шекараны да жұмсартады. Қарапайым адам басшының алдына түрлі мәселемен келеді. Сондай сәтте теңдік, ашықтық маңызды, ал ұлтқа деген құрметті айқындап тұрған киім осыған жол ашады.
Тағы бір маңызды қыры — тұрақты форманың болуы, яғни бірыңғай киінген жағдайда қызметкердің кім екені бірден аңғарылады. Бұл — тәртіптің, жүйеліліктің белгісі. Қазірдің өзінде бұл кеудешені көрген көпшілік «мәдениеттің адамдары» деп таниды. Ал ұлттық өрнек пен заманауи ресми стильдің үйлесімі — өткен мен бүгіннің жарасымды сабақтастығы. Мұндай киім киген адам мәдениетті насихаттап қана қоймайды, өзі соның бір бөлшегі, көрінісі сынды қабылданады.
Алғашқы әсер көбіне сыртқы келбеттен басталатынын да ескерейік. Қошқар мүйіз оюымен өрнектелген көк кеудеше — бір ұжымның ғана емес, тұтас мәдениет саласының бет-бейнесін айқындайтын белгі.
Бірізді киім үлгісі ұжым ішіндегі тәртіп пен өзара жауапкершілікті де күшейтсе керек. Әр қызметкер өзін жеке тұлға ретінде ғана емес, ортақ мақсатқа қызмет ететін бір ұжымның бөлшегі ретінде сезінеді. Бұл — жұмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Сондықтан бұл киім үлгісін уақытша үрдіс емес, ойластырылған, болашаққа бағытталған шешім деуге толық негіз бар.
Сән — өткінші. Ал мән мәңгі. Ұлттық нақыш пен ресми талапты үйлестіре алған мұндай тәжірибе мәдениет саласы ғана емес, өзге де мемлекеттік мекемелер үшін бағдар бола алады. Бұл — өнеге боларлық таңдау.
Бижан ҚАЛМАҒАНБЕТОВ,
Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы.